Q Football

Шетелдік академиялардағы қазақстандықтар: 2026 жылдың қорытындысы

Шетелдік академиялардағы қазақстандықтар: 2026 жылдың қорытындысы

QFootball Еуропа футболын меңгеріп жүрген жас қазақстандықтар үшін өтіп бара жатқан маусымның қалай өткенін анықтады. Олардың арасында чемпион атанғандар, негізгі құрамнан орын алғандар, нәтижелі ойын көрсеткендер және кәсіби мансап жолындағы алғашқы қадамдарын жасап жүргендер бар.

Аламгир Смаков, «Бешикташ»

Жазда Ыстанбұлдың әйгілі клубына ауысқаннан кейін Түркияның жасөспірімдер чемпионатындағы ең нәтижелі ойыншылардың біріне айналды. Opta мәліметінше, 2026/27 жылғы маусымда сегіз матч өткізіп, жеті гол соққан және алаңда 613 минут болған. BeSoccer дерекқорында оның көрсеткіші өзгеше: тоғыз матч, 703 минут және жеті гол.

Шахмурат Даулетов, «Генк»

2025/26 жылғы маусымда U-18 командасы сапында 20 матчта тоғыз гол соғып, Бельгия чемпионы атанды. Жаңа маусымда екінші дивизионда өнер көрсететін резервтік командаға шақырыла бастады.

FBref дерекқорында «Йонг Генк» сапындағы үш ойын және 70 минут тіркелген. Ал УЕФА оның Жастар лигасындағы екі матчқа қатысқанын растайды. Қарашада австриялық «Зальцбургке» қарсы кездесуді (3:4) толық өткізді.

Алдияр Нұрғали, «Леванте»

2025/26 жылғы маусымды «Леванте» жасөспірімдер командасы сапында 27 матчта 11 гол соғып аяқтады. Жаңа маусымда ересектер футболына қадам басты. LaPreferente мәліметінше, Испанияның Терсера дивизионында алты матч өткізіп, бес рет негізгі құрамда алаңға шыққан және 216 минут ойнаған. Әзірге нәтижелі әрекеттерімен көзге түскен жоқ.

Шыңғыс Аликеев, «Бенфика»

Өткен маусымда «Бенфиканың» U-17 командасы сапында 14 матч өткізіп, үш гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Zerozero мәліметінше, 2026/27 жылғы маусымда U-17 құрамында алты кездесуге қатысып, алаңда 152 минут өткізген. Әзірге голы да, нәтижелі пасы да жоқ.

Карим Мендиканов, «Барселона»

Каталониялық академияға ауысқаннан кейін División de Honor Catalana Cadete турниріне тіркелді. Испанияның дерекқоры оның команда өтінімінде бар екенін растайды, алайда 2026/27 жылғы маусымдағы ресми ойындарына қатысты жеке статистика әзірге жарияланбаған.

Ғабидолла Оразалы, «Валенсия»

2026/27 жылғы маусымда Fundació Valencia командасы сапында кадеттер арасындағы аймақтық чемпионатта өнер көрсетіп жүр. Испанияның LaPreferente дерекқорында оның тоғыз матчқа қатысқаны, сегіз рет негізгі құрамда шыққаны, 626 минут ойнағаны және бір гол соққаны көрсетілген.

Шыңғыс Қалиев, «Кастельон»

Өткен маусымда «Леванте» жасөспірімдер командасы сапында 11 матч өткізіп, бір гол соққан және алаңда 794 минут болған. «Кастельонға» ауысқаннан кейін Испанияның División de Honor Juvenil турниріне тіркелді. Қазіргі дерекқорда бір матчқа шақырту алғаны көрсетілген, алайда алаңға шықпаған.

Сәлім Хасанов, «Вильярреал»

Cadete санатынан Juvenil санатына ауысты. 2026/27 жылғы маусымда «Вильярреал C» құрылымында тіркелген. LaPreferente дерекқорында бір матчқа шақырту алғаны көрсетілгенімен, әзірге алаңда өткізген минуттары тіркелмеген.

Абдулла Бапишев, «Магдебург»

2026/27 жылғы маусымда Германияның DFB-Nachwuchsliga жасөспірімдер лигасында өнер көрсетіп жүр. FBref мәліметінше, жартылай қорғаушы он матчқа қатысып, алаңда 486 минут өткізген. Оның еншісінде бір гол бар.

Әлижан Юн, «Эльче»/«Талавера-де-ла-Рейна»

Өткен маусымда «Эльче» сапында 26 матч өткізіп, алты гол соқты. Күзде статистикалық дерекқорларда Испанияның жасөспірімдер арасындағы жоғарғы дивизионында өнер көрсететін «Талавера» құрамында тіркелді. Жаңа чемпионатта үш матчқа қатысып, 55 минут ойнаған. Әзірге нәтижелі әрекеттерімен көзге түскен жоқ. Ойыншының «Эльчеден» кеткенін растай алмадық. Ол «Талавера» сапында жалға алынған футболшы ретінде өнер көрсетуі мүмкін.

Диярхан Қарабалинов, «Аланьяспор»

2026 жылдың көктемінде Түркияның жасөспірімдер чемпионатында дебют жасап, 19 сәуірде алғашқы голын соқты. Қазіргі Түркия U-19 чемпионатында төрт кездесу өткізіп, үш рет негізгі құрамда алаңға шыққан және 194 минут ойнаған. Әзірге нәтижелі әрекеттері жоқ.

Джан Ходжаоглу, «Галатасарай»

2026 жылдың қыркүйегінде бір айлық сынақ мерзімінен кейін Швейцарияның «Сьон» клубынан Ыстанбұл командасына ауысты. 3 қыркүйекте Түркия футбол федерациясында ресми түрде тіркелді. 7 қарашада U-19 чемпионаты аясында «Амедспорға» қарсы өткен матчта (2:1) команда өтініміне енгенімен, алаңға шыққан жоқ.

Алдияр Омаров, «Брюне»

«Астана» түлегі 17 жастағы футболшы қыркүйекте «Бродд» клубынан Эрлинг Холанд мансабын бастаған «Брюне» командасына ауысты. Қазір Норвегияның төртінші дивизионында өнер көрсететін резервтік команда сапында ойнайды. Қарашада алаңға жиі шыға бастағанын және нәтижелі пас бергенін хабарлады. Данияда өткен халықаралық жасөспірімдер турнирінде екі гол соғып, үш нәтижелі пас берді. Алдиярмен эксклюзивті сұхбатты осы жерден оқи аласыз.

Мәлік Саитов, «Рамзан»

Қыркүйекте Ресейдің ЮФЛ Юг U-15 турнирінде айдың үздік футболшысы атанды. Қазанда «Ахматтың» негізгі командасымен жолдастық кездесулерге шақырылып, 5 қазанда «Алания» қақпасына гол соқты. 2026 жылғы маусым қорытындысы бойынша ЮФЛ Юг U-15 турнирінің үздік шабуылшысы деп танылды.

Назар Доля, «Санта-Барбара»

Оралдағы Football Kids Uralsk мектебінің 13 жастағы түлегі 2025/26 жылғы маусымды «Валенсия» академиясында аяқтады. Infantil B командасы сапында 24 матч өткізіп, алты гол соқты. Жазда «жарғанаттар» жүйесінен кетіп, Валенсия аймақтық жасөспірімдер біріншілігінде өнер көрсететін «Санта-Барбара» клубына ауысты. Жаңа маусымдағы статистикасы әзірге анықталған жоқ.

Тәңіржан Еғалиев, «Вест Кёльн»

«Ордабасы» клубының 14 жастағы түлегі Германия командасының жасөспірімдер құрамында өнер көрсетуді жалғастырып жүр. Көктемде бес матчта төрт гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Ал тамызда «Боннерге» қарсы өткен бақылау матчында (5:1) дубль жасап, екі нәтижелі пас берді. Жаңа маусымда оның командасы Bezirksliga U-15 аймақтық лигасында алты матчтан кейін бірде-бір рет жеңілмей, турнир кестесінде көш бастап тұр.