Алдияр, жақында Норвегияның үздік академиялары бақ сынайтын U19 біріншілігі басталады. Қосалқы құрамдар арасындағы чемпионат қалай ұйымдастырылған?
– Бұл қосалқы құрамдар арасындағы чемпионат емес, U19 академия командаларының біріншілігі. Дегенмен кәсіби клубтардың басым бөлігінде U19 командалары қосалқы құрам қызметін атқарып, өзара бәсекеге түседі. Ірі клубтардың қосалқы командалары Норвегияның негізінен үшінші-төртінші дивизионында өнер көрсетіп, ересектер футболында тәжірибе жинайды.
«Броддеден» «Брюне» клубына ауысуың қалай жүзеге асты?
– «Броддеде» жаман маусым өткізген жоқпын: жеті ойында бес гол соғып, бір нәтижелі пас бердім. Осыдан кейін «Брюне» клубы маған хабарласты. Екі команда да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Дегенмен «Брюне» бір деңгей жоғары деп есептеймін. Себебі бұл – Норвегияның екінші дивизионында өнер көрсететін клубтың академиясы. «Бродде» үшінші лигада ойнағанымен, нәтижелі өнер көрсетіп жүрген мықты команда.
Норвегияда да Қазақстандағыдай жасанды төсенішті алаңдар басым. Осы тұрғыда бейімделу қиын болмаған шығар?
– Иә, бұл рас. Көптеген команда жасанды төсеніште ойнайды. Тіпті Чемпиондар лигасында өнер көрсететін норвегиялық «Викинг» пен «Буде-Глимт» те табиғи газонда ойнамайды. Сондықтан бұл жағынан бейімделуде ешқандай қиындық болған жоқ.
Норвегия футболының Қазақстан футболынан қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылық көп деп айта алмаймын. Бірақ өзім байқаған бірнеше ерекшелік бар. Біріншіден, жаттығу залына көп көңіл бөлінеді. Физикалық дайындық негізгі факторлардың бірі саналады.
Екіншіден, коммуникацияға басымдық беріледі. Мысалы, жаттығуда алаңның жартысында 8-ге 8 форматында ойнағанда, алдымен белгілі бір уақыт ішінде бірнеше ойын өткіземіз. Содан кейін үзіліс жасап, бүкіл команда жиналып, қателіктерді талқылайды. Нені жақсарту керектігін және қай тұста жақсы жұмыс істеп жатқанымызды саралаймыз.
Үшіншіден, ойыншылар арасындағы ғана емес, футболшы мен бапкер арасындағы байланысқа да ерекше мән беріледі. Жаттықтырушылар әр ойыншыға жеке көңіл бөліп, қолдау көрсетуге тырысады. «Бродде» де, «Брюне» де бапкерлер менімен жиі сөйлеседі, жеке жаттығулар өткізіп, ойынымды талдайды.
Норвегияға көшуің қалай жүзеге асты?
– Қазақстандық футболшының Скандинавияға қоныс аударуы өте сирек кездесетін жағдай. Менің мұнда келуіме әкемнің жұмыс бабымен Норвегияға көшкені себеп болды.
Норвегияда оқу мен футболды қатар алып жүру қалай ұйымдастырылған?
– Жоғары сынып оқушыларына арналған «Топ-спорт» деген арнайы бағыт бар. Кәдімгі сабақтармен қатар, кәсіби спортшының жаттығу жүйесін, тамақтануын, қалпына келуін және өмір салтын тереңірек үйренеміз.
«Брюне» клубы Эрлинг Холандты тәрбиелеп шығарды. Бұл клубтан жоғары деңгейге көтерілген тағы қандай футболшыларды атай аласың?
– Әрине, Холанд – клубтың басты жұлдызы. Бірақ «Брюненің» жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген басқа да түлектері бар. Мысалы, Йонатан Брунес Праганың «Спарта» клубында ойнайды. Даниэль Карлсбакк «Викинг» пен «Херенвен» клубтарында өнер көрсетті, қазір «Сарпсборг» сапында (Норвегия чемпионатындағы 9-орын). Видар Нюса «Викинг» құрамында 200-ге жуық матч өткізді.
Соңғы жылдары Норвегия футболы қарқынды дамып келеді. Клубтары Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнап, ұлттық құрама әлем чемпионатының ширек финалына дейін жетті. Мұндай серпілістің сыры неде?
– Басты факторлардың бірі – футболмен айналысуға барлығына бірдей мүмкіндік жасалғаны. Мұнда барлық футбол алаңдары тегін, тіпті кейбірі түнде де жарықтандырылады. Кез келген адам тәуліктің кез келген уақытында жаттығып, шеберлігін шыңдай алады.
Алдағы маусымға қандай мақсат қойып отырсың?
– Маусымды жақсы өткізіп, негізгі командамен бірге жаттығуға мүмкіндік алғым келеді.
Қазақстандық жас футболшыларға қандай кеңес берер едің?
– Тіл үйреніп, командамен дұрыс коммуникация орнатуға жұмыс істеу керек. Меніңше, Еуропаға ауысуға мүмкіндік туындаса, оны пайдалану қажет. Себебі мұнда даму үшін мүмкіндік көп.
