Ұлттар лигасының бес турында Қазақстан құрамасы небәрі екі ұпай жинап, В дивизионына көтерілу мүмкіндігінен айырылды. Соңғы сәтсіздік Кишинёвте Молдоваға қарсы өткен кездесуде тіркелді (1:2). Бұл ойында Петру Попеску дубль авторы атанды. Біздің басылымға берген сұхбатында Алмат Бекбаев команданың мәселелерін жан-жақты талдап, жаттықтырушылар штабының қандай шешімдері өзіне түсініксіз екенін жеткізді.
— Бір жарым айдың ішінде Қазақстан Молдовадан екі рет 1:2 есебімен жеңілді. Алдымен Астанада, кейін Кишинёвте ұтылды. Сіздің ойыңызша, ұлттық құраманың сәтсіздіктеріне басты себеп не?
— Молдовадан алғаш рет жеңілгенімізде, қарсыласты бағаламағандай әсер қалды. «Жарайды, кездейсоқ қателік шығар» деп ойладық. Бірақ екінші матчты көргенде мәселе қарсыласты бағаламауда емес екенін түсіндім. Шын мәнінде, қазіргі деңгейіміз осындай.
Бүгін бесінші рет сұхбат беріп отырмын, бәрі «Неге бұлай болды?» деп сұрайды. Бар мәселе бапкерде. Оның стандартты жағдайларды дайындауға, прессинг пен қорғанысты реттеуге, қарсыласты зерттеуге жеткілікті уақыты болды. Бірақ, өкінішке қарай, бір жарым айдың ішінде Молдовадан қатарынан екі рет жеңілдік.
— Кишинёвке барар алдында команда табиғи газонда жаттығу үшін Түркістанда дайындалды. Алайда алаңда құрама тағы да сенімсіз ойын көрсетті. Неліктен дайындық нәтиже бермеді?
— Шынымен де табиғи алаңда жақсылап дайындалғысы келген шығар, бірақ бұл бір бөлек мәселе. Шынымды айтсам, матчқа арналған құрам мен бес қорғаушыдан тұратын схеманы көргенде-ақ жақсы ойнамайтынымызды түсіндім.
Бұған дейін төрт қорғаушымен ойнап, аз гол жіберетінбіз. Егер бес қорғаушымен ойнап, одан да көп гол жіберсең, мұндай схеманың не қажеті бар? Бұл туралы тағы қанша айтуға болады, білмеймін. Шабуылдан бір ойыншыны алып, қорғанысқа қоясың, бірақ одан еш пайда жоқ. Бәрібір бұрынғы схемадағыдай, тіпті одан да көп гол жібересің.
— Кишинёвтегі кездесуде қақпаны тағы да Стас Покатилов қорғады. Ал Бекхан Шайзада мен Александр Заруцкий қосалқы құрамда қалды. Жаттықтырушылар штабының бұл шешімі қаншалықты орынды болды?
— Ойын тәжірибесіне қараңыздар. Қазір Стас — Чемпиондар лигасы мен Әзербайжан чемпионатында ойнап жүрген жалғыз қақпашымыз. Ал қалған қақпашыларымыздың бәрі демалыста. Сондықтан таңдауды осы көрсеткіштерге қарап жасаған шығар.
Стасқа мүмкіндік берілді, бірақ біз 1:2 есебімен жеңілдік. Мүмкін, Словакияға қарсы үйдегі кездесуде құрамда өзгерістер болатын шығар. Шынымды айтсам, ұлттық құраманың жалпы неге үміт артып отырғанын білмеймін. Дегенмен мұнда ешкімнің орнына кепілдік берілмеген. Кім жақсы дайындалған, кімнің ойын тәжірибесі бар және кім жақсы бабында болса, сол ойнауы тиіс.
— 77-минутта Попеску айып алаңына асырылған доптан кейін жеңіс голын соқты. Бұл сәтте қорғаныста Әліп, Қасым және Ерланов сияқты үш орталық қорғаушы болды. Неліктен қорғаныс мұндай қателікке жол берді? Қақпашы қорғаушыларды қатаңырақ басқаруы керек пе?
— Иә, екінші гол дәл үш орталық қорғаушы орналасқан аймақтан соғылды. Меніңше, олар бір-біріне кедергі келтіреді. Екі орталық қорғаушымен ойнау керек. Үшеу болғанда бір-біріне сеніп қалады, ал екеу болғанда әрқайсысы бір шабуылшыға нақты жауап береді.
Қақпашының қаталдау болуы керек пе дегенге келсек, мұндай деңгейде кәсіби футболшылар ойнайды. Мұнда біреуге айқайлаудың қажеті жоқ, әркім өз жұмысын біледі. Сол эпизодта қорғаушылар доп үшін таласта жеңіліп, қақпамызға гол жіберіп алғанымен келісемін. Бұл жерде қақпашыға қойылатын сұрақ аз.
— Попеску алғашқы голын алыстан соққан соққымен енгізді. Неліктен Қазақстанның жартылай қорғаушылары қарсыластың айып алаңы маңында еркін әрекет етуіне мүмкіндік беріп, оған қысым көрсетпеді?
— Попескудың соққысы шынымен де әдемі шықты. Бірақ бірінші таймда біздің жігіттер іс жүзінде ойнаған жоқ. Мұның себебін білмеймін. Ешқандай прессинг те, бастама да болған жоқ. Мүлде ештеңе көрмедік. Команда бірінші таймды толықтай сәтсіз өткізіп, соның салдарынан заңды түрде гол жіберіп алды.
— Қазақстанға келгенге дейін Джон ван ’т Схип Армения құрамасында да оң нәтижеге қол жеткізе алмады. Сіздің ойыңызша, федерация нидерландтық маманды шақыруға асығыс шешім қабылдаған жоқ па?
— Иә, бұл мәселе көп талқыланды. Схипті қалай шақырғандарын білемін. Матчтарға бір апта, он күн немесе бір ай қалған еді, нақты есімде жоқ, бірақ уақыт өте аз болатын. Ал бас бапкер әлі тағайындалмаған еді. Шұғыл түрде біреуді шақырып, ойындарға шығу керек болды. Сондықтан Схиптің кандидатурасын асығыс таңдады.
Қазір сол асығыс шешімдердің нәтижесін көріп отырмыз. Меніңше, ол міндетті түрде қызметінен кетуі керек. Бар құрметімді сақтай отырып айтайын, Молдова ФИФА рейтингінде 150-нешінші орында тұр. Бірақ алаңда олар бізден әлдеқайда жақсы көрінді.
— 16 қарашада Қазақстан топтық кезеңдегі соңғы матчын Словакияға қарсы өткізеді. Команда әлі жеңіске жеткен жоқ, ал Максим Самородов дисквалификацияға байланысты кездесуге қатыспайды. Турнир аяқталғаннан кейін федерация қандай шешім қабылдауы керек?
— Әрине, менің ойымша, осы іріктеу кезеңінен кейін федерация барлығын қызметінен босату туралы шешім қабылдайды. Одан бөлек, мұндай матчтардан кейін федерация басшылығының өзі де отставкаға кетуі мүмкін деп ойлаймын. Соған сәйкес бүкіл жаттықтырушылар штабы да қызметінен кетеді.
