Q Football

Андрей Мартин: «Менің жұмысымнан кейін адамдар біздің бірлескен еңбегіміз бен футболдың дамуына қосқан үлесімізді әлі ұзақ уақыт еске алып жүрсе деймін»

Андрей Мартин: «Менің жұмысымнан кейін адамдар біздің бірлескен еңбегіміз бен футболдың дамуына қосқан үлесімізді әлі ұзақ уақыт еске алып жүрсе деймін»
Андрей Мартин (с) Radio Moldova

«Ордабасының» бұрынғы бапкері Qfootball-ға эксклюзивті сұхбат берді. Әңгіме алтын дубль, Бьорн Йонсеннің трансфері, Жасұлан Әмірдің ілгерілеуі және оның болашақ жұмыс орны туралы өрбіді.

Андрей Михайлович, сізді Қазақстандағы алтын дубльмен құттықтаймыз. Бұл — бапкерлік мансабыңыздағы қатарынан екінші чемпиондық атақ. Сезіміңіз Молдова чемпионатында «Петрокубпен» жеңіске жеткен кездегідей күшті ме, әлде қазір сәл бәсеңдеу ме?

- Құттықтауыңызға рақмет. Чемпиондық атақты немесе алтын дубльді жеңіп алғандағы сезім әрқашан бірдей. Оның қай елде болғаны маңызды емес. Бұл әрқашан қуанышты әрі толқытатын сәт!

Сіз шетелде бапкер ретінде чемпиондық атаққа қол жеткізген төртінші молдовалық мамансыз әрі соңғы 14 жылдағы алғашқысысыз (Бұған дейін мұны Сирияда Владимир Вебер (1993), Индонезияда Сергей Дубровин (2002) және Латвияда Иван Табанов (2012) жасаған). Бұл дерек сізді мақтандыра ма?

- Туған жерім Молдовадан тыс жердегі жұмысымыздың елдегі адамдарға осыншама қуаныш сыйлағаны мен үшін жағымды. Бізді өте көп адам бақылап отырды. Олармен қуанышты бөлісу тіпті жағымды. Бұл біз үшін маңызды.

Бір жылда «Ордабасы» таңғаларлық жолдан өтті. Алдыңғы маусымнан бұрын клуб жетінші орын алса, осы маусымда бірінші болды. Бұл кездейсоқ жағдайлардың тоғысуы емес екені анық. Өткен маусыммен салыстырғанда команданы соншалықты өзгерткен не? Бірден 16 жаңа ойыншы келгенін ескерсек, команданы іс жүзінде қайта жасақтауға тура келді ме?

- Командаға сапалы футболшылармен қатар өршіл басшылар да келді. Жетістігіміз — команда мен басшылықтың ортақ еңбегінің нәтижесі. Алтын дубльге тек қажырлы еңбек, бірлік және мінезіміздің арқасында қол жеткіздік. Барлық ойыншыны ортақ идеяға жұмылдырып, әрқайсысын команда үшін еңбек етуге баулу — жетістігіміздің кілті болды.

Дегенмен маусымның басы оңай болған жоқ. Наурызда өз алаңдарыңызда «Ертіс» пен «Атырауға» қарсы матчтар тең аяқталды, мамырда «Алтаймен» есеп ашылмады, шілдеде «Каспийден» жеңілдіңіздер. Команда нағыз чемпиондық қарқынға маусымның екінші бөлігінде ие болды. Бұған бірдеңе ықпал етті ме, әлде футболшыларды соңғы кезеңге қарай бабына келтіру әуелден мақсат болды ма?

- Маусым қиын болды. Барлық команда қиындыққа тап болды, біз де одан тыс қалған жоқпыз. Бірақ сонымен бірге маусымды бірқалыптырақ өткіздік. Алғашқы жеңілісіміз 17-турда болды. Кейде сәтсіздіктен кейін ойыншылар мінез көрсете алмайды, ал бұл команданың бойында нағыз чемпиондық мінез болды.

Соңғы турдың алдындағы турда «Жеңіспен» болған тең ойын туралы сұрамай кете алмаймын. Нәтижеге не әсер етті?

- Ол матчты еске алу маған әлі де жағымсыз. Ойынға дайындық барысында сырттан көп қателік жіберілді. Айтайын дегенім, чемпиондық туралы әңгіме тым ерте басталды. Қандай мерекелік шаралар болатыны туралы да айтылды. Әдетте бұл жақсылыққа апармайды. Солай болды да.

Аздап әзіл аралас сұрақ. «Қайратпен» тең түскені үшін «Ақтөбеге» алғыс айттыңыздар ма? Өйткені «Ордабасы» үшін соңғы тур жай ғана формалдылыққа айналды.

- «Ақтөбе» өз жұмысын тамаша атқарды. Бұл — өршіл клуб, өз мақсаттары үшін күресті. Мен оларды қатты құрметтеймін. Олардың «Қайратқа» лайықты қарсылық көрсететініне сенімді болдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсібилігі үшін оларға алғыс айтқым келеді және клубқа алдағы уақытта табыс тілеймін.

«Ордабасының» чемпион болуының басты факторларының бірі жарты маусымда Премьер-лиганың үздік сұрмергеніне айналған норвегиялық Бьорн Йонсеннің келуі болды. Бұл трансфер қалай жүзеге асты?

- Бьорн келгенге дейін де чемпионатта бес ұпай басымдықпен көш бастап келе жатқанбыз. Бірақ оның, сондай-ақ Абагна, Натель, Кейта және Киламаның келуі командаға пайдасын тигізді. Біз ойыншыларды іріктеу жұмысын сапалы жүргіздік. Йонсенге командамызға сіңісу оңай болды. Біз лигада бәрінен көп гол соғуға мүмкіндік туғыздық, ал ол шабуылдарды нәтижелі аяқтай біледі. Оның кандидатурасын өзім талап еттім. Бізге осындай шабуылшы керек екеніне сендім. Команданы осыншалықты сапалы күшейтуге көмектескен басшыларға рақмет.

Трансфер алдында сіз Йонсенге клубтың чемпион болатынын айттыңыз. Мұндай сенімділік қайдан пайда болды?

- Келісімшартқа қол қоймас бұрын әр ойыншымен көп сөйлестік. Футболшылармен өзімнің жеке сөйлесуім маңызды. Мен оларға «Брюне» — салмақты жоба екенін айттым. Клубқа қандай инвесторлар мен басшылар келгенін баяндадым. Олардың бәрін бір жерге жинағанымыз өте қуанышты болды. Біз тамаша маусым өткіздік.

Осы маусымдағы барлық голын Йонсен айып алаңының ішінен соқты. Ал «Ордабасы» жасалған мүмкіндіктер мен соққылар саны бойынша маусымның үздік командасы атанды. Сонда Бьорн мүмкіндіктерді голға айналдырған соңғы жетіспей тұрған ойыншы болды ма?

- Бьорнды ерекшелендіретін нәрсе — шабуылды аяқтау шеберлігі. Бұған дейін де ол алдыңғы командаларында мұны тамаша істеген. Өткен маусымда-ақ осындай сипаттағы ойыншы қажет екенін үнемі айтып жүрдім. Осы маусымда оны алдық.

Қорғанысты да атап өтпеске болмайды, өйткені «Ордабасы» «Қайратпен» қатар ең аз гол жіберді. Қорғаныстағы ойынды осыншалықты жақсартуға не мүмкіндік берді?

- Қорғаныс — кез келген команданың іргетасы. Біз кейбір позицияларды күшейттік. Килама мен Амановичтің келуі өте дер кезінде болды. Олардың «Ордабасыда» болғанына қуаныштымын. Тамаша футболшылар әрі мықты тұлғалар. Оның үстіне Сергей Малый да маусымды жоғары деңгейде өткізді. Сонымен қатар қорғанысқа команданың барлық ойыншысы қатысқанын атап өткен жөн. Біз қарсылас алаңының жартысында белсенді прессинг жасадық, қорғаныс сол жерден басталды деуге болады. Сондықтан біздің қақпамыздың алдында мүмкіндіктер де онша көп туындаған жоқ. Осының бәрі маусымдағы жетістікке жеткізді.

Құны бірнеше есе өскен Жасұлан Әмірдің ілгерілеуін де атап өтпеске болмайды. Сіздің ойыңызша, мұндай жетістікке жетуіне не көмектесті?

- Әмірдің ілгерілеуіне бірнеше нәрсе ықпал етті. Біріншіден, ойыншының еңбегі мен мінезі. Екіншіден, командаластарының көмегі. Үшіншіден, бапкерлер штабының сенімі мен тұрақты қолдауы. Бұл кезеңде осындай нәрселер жас футболшы үшін өте маңызды. Оған әрі қарай да дамып, тоқтап қалмауын тілеймін. Өйткені футболда кемелденудің шегі жоқ. Еуропаға кетуге мүмкіндік болса, әрине, оны қарастыру керек. Бірақ жас ойыншыларды дамытып, оларға ойнауға мүмкіндік беретін клубқа бару да маңызды.

Осындай табысты маусымнан кейін қазір сіз туралы қауесет өте көп. Жаңа жұмыс орнын таңдағанда нені басшылыққа аласыз?

- Басымдық әрі қарай дамуға беріледі. Басшылары берік әрі ұзақ мерзімді нәрсе құрып, оны дамытқысы келетін жерді таңдау маңызды. Маған нәтижеге қол жеткізуге болатын өршіл жобалар ұнайды. Мен жұмыс істеп кеткеннен кейін де адамдар біздің бірлескен еңбегіміз бен футболды дамытуға қосқан үлесімізді ұзақ уақыт еске алып жүрсе дейтінімді әрқашан айтатынмын.