Q Football

Құрамы бірнеше есе қымбат әрі еурокубок тәжірибесі мол. «Қайраттың» ӘЧ-дегі жаңа қарсыласы туралы не белгілі?

Құрамы бірнеше есе қымбат әрі еурокубок тәжірибесі мол. «Қайраттың» ӘЧ-дегі жаңа қарсыласы туралы не белгілі?
©️ Gong.bg

«Қайрат» ӘЧ-нің үшінші іріктеу кезеңіне шығып, енді Болгарияның «Левски» клубымен кездеседі. Қарсыластың басты артықшылықтары, Қазақстан клубтарының болгар командаларына қарсы тарихы және алдағы текетірес туралы маңызды деректерді ұсынамыз.

Алматылық ұжым іріктеу кезеңінде «Сутьеска» мен «Омонияны» жарыс жолынан шығарып, келесі айналымға жолдама алды. Енді Қазақстан чемпионын Болгарияның ең атақты клубтарының бірі күтіп тұр. «Левски» бұған дейін босниялық «Борац» пен румыниялық «Университатяны» жарыстан шығарды.

«Қайрат» өз тарихында алғаш рет болгар клубымен еурокубокта кездескелі отыр. Ал софиялық команда бұған дейін Қазақстан өкілдерімен екі мәрте ойнаған. 2003 жылы «Атырауды» екі матчтың қорытындысында 6:1 есебімен жеңсе, 2013 жылы павлодарлық «Ертіске» жол берді.

Жалпы Қазақстан мен Болгария клубтары еурокубоктарда бес рет кездескен. Қазақстандық командалар тек екі рет жеңіске жеткен және екі жағдайда да оны «Ертіс» тіркеді. Қалған үш текетіресте болгар клубтары басым түсті.

Құрам құны жағынан да артықшылық «Левскидің» жағында. Transfermarkt мәліметінше, софиялық клубтың ойыншылары шамамен 37 миллион еуроға бағаланса, «Қайраттың» қазіргі құрамы 9,2 миллион еуро тұрады. Жоржиньо Монтейру жарақат алғаннан кейін бұл көрсеткіш шамамен 8,2 миллион еуроға дейін төмендеді.

«Левскидің» ең қымбат футболшылары — бразилиялық Майкон мен Венесуэла құрамасының қорғаушысы Кристиан Макун. Екеуінің де нарықтық бағасы 3,5 миллион еуроны құрайды. Ал алматылықтардың қолда бар құрамындағы ең қымбат ойыншы — қақпашы Темірлан Анарбеков.

Команданы испаниялық маман Хулио Веласкес жаттықтырады. Ол бұған дейін Италияның «Удинезесін» және Испанияның «Алавесін» басқарған. Оның жетекшілігімен «Левски» 17 жылдан кейін ел чемпионы атанды.

Болгариялық клубтың еурокубоктағы тәжірибесі мол. Ол 2006/07 жылғы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, 2005/06 жылғы УЕФА кубогында ширек финалға дейін жеткен. Дегенмен соңғы 16 жылда команда іріктеу кезеңінен аса алмай келеді.

Алғашқы матч 5 тамызда Болгарияда өтсе, қарымта кездесу 12 тамызда Түркістанда ұйымдастырылады. Алматыдағы ойын Орталық стадионның бос болмауына байланысты басқа қалаға ауыстырылды.