– Маусым алдындағы болжамдарыңыз қаншалықты орындалды?
– Маусым алдында «Ақтөбе» мен «Тобыл» чемпиондыққа таласады деп болжағанмын. Өйткені «Ақтөбеге» инвестор келді. Ол кезде Луиш Наниді алып жатты, қыруар қаржы салатындай көрінді. Негізі, қаржы салынды да. Бірақ футболда бәрін ақша шеше бермейтінін көріп отырмыз.Дегенмен «Ақтөбе» үздік бестіктің қатарына енді. Егер биылғы қателіктерін қайталамаса, келесі жылы чемпиондыққа таласады деп ойлаймын.
«Тобылдың» да чемпиондыққа таласатынына сенімді болдым. Тіпті мамыр айына дейін солай ойладым. Алайда жазда еурокубоктарға қатысқан кезде команда қиын жағдайға тап болды. Осылайша, бұл екі клуб менің болжамымды ақтамады.
Ал «Жетісу», «Алтай», «Ертіс» және тағы басқа командалар Премьер-лигада қалу үшін күреседі деп ойлағанмын. Бұл болжамдарым шамамен дұрыс шықты.
Тек «Қайсардан» мұндай нәтиже күтпедім. Команда Виктор Мозесті алды, инвесторы бар, жаңа стадион салынып жатыр. Өңірде футболға деген қызығушылық жоғары. Сондықтан «Қайсар» үздік алтылыққа кіреді немесе кем дегенде жетінші-сегізінші орын алады деп ойладым. Бірақ бұл болжамым да қате болып шықты.
– Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз? Бәсекелестік деңгейі артты ма?
– Биылғы чемпионаттың басты ерекшелігі – клубтардың жекеменшікке өтуі, инвесторлардың келуі және күтпеген нәтижелердің көп болуы.
Мысалы, «Қайрат» өз алаңында «Тобылдан» 1:4 есебімен жеңілді. Чемпиондыққа таласып жатқан команданың маусым аяқталуына үш тур қалғанда өз алаңында мұндай есеппен ұтылуы таңғаларлық жағдай.
Бұл чемпионатта бірнеше команданың деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Тек «Қайрат» пен «Ордабасы» ғана емес, «Тобыл» да маусымның алғашқы бөлігінде чемпиондыққа таласатындай ойын көрсетті.
«Ақтөбені» алайық. «Қайратпен» терезесі тең ойнады, бірақ аутсайдерлерге қарсы кездесулерде күтпеген жерден ұпай жоғалтты. «Елімайды» оңай жеңіп, кейін «Оқжетпестен» ұтылып қалуы мүмкін. Бұл командалардың деңгейі бір-біріне жақын екенін көрсетеді.
«Тобылдың» алаңына барып, 3:2 есебімен жеңіске жету де кез келген команданың қолынан келе бермейді. Демек, жоғары деңгейде футбол ойнай алатын клубтар көп.
«Ордабасы» мен «Қайрат» өзгелерден әлдеқайда мықты болды деп айта алмаймын. Турнирлік кестеде солай көрінуі мүмкін. Бірақ «Ақтөбе» мен «Ордабасы», «Ақтөбе» мен «Тобыл», «Тобыл» мен «Қайрат» қайта кездессе, нәтижелері мүлде басқаша болуы ықтимал. Менің ойымша, үш-төрт команда шамалас деңгейде болды.
Мұндай жағдай Англия чемпионатында да кездеседі. «Манчестер Сити» өз алаңында «Брайтоннан» ұтылуы мүмкін. «Борнмут» кез келген қарсыласпен еркін ойнайды. «Челси» мен «Арсенал» да ұпай жоғалтады. Футболда бір ойынға жақсы дайындалып, мықты қарсыласты жеңуге болады. Әсіресе қысқа қашықтықтағы чемпионаттарда мұндай нәтижелердің әсері жоғары.
Биыл «Қызылжар» да қауіпті ойнады, көптеген команданы әбден қинады. Премьер-лигада қалу үшін күресті екен деп, әлсіз команда болды деп айта алмаймыз. «Алтай» өз алаңында қаншама командадан ұпай алды. «Ұлытау» да өз алаңында бір-екі кездесуде ғана жеңілді. Осындай мысалдар чемпионаттағы бәсекелестіктің жоғары болғанын көрсетеді.
– Қай команда маусым бойы ең тұрақты ойын көрсетті?
– Маусымның басым бөлігінде «Жеңіс» тұрақты ойын көрсетті деп ойлаймын. Бастапқыда сәл қиындықтар болғанымен, кейін жақсы нәтиже көрсетті.
«Ұлытауды» да атап өтер едім. Команда жалпы сегізінші-тоғызыншы орыннан төмен түскен жоқ. Тіпті маусым басында үздік төрттіктің қатарында болды.
«Ордабасы» да тұрақты ойнады. Ал «Қайраттың» деңгейі жоғары екені онсыз да белгілі.
Кейбір командалар сырт алаңда жақсы нәтиже көрсетті. Ал «Каспий» мен «Атыраудың» биыл өз алаңында ойнамауы нәтижелеріне әсер етті деп ойлаймын. Егер олар маусым басынан өз стадиондарында өнер көрсетсе, чемпионаттағы жағдай басқаша болуы мүмкін еді.
Жалпы, бір ай нашар ойнап, келесі айда жоғары деңгейге көтерілген командалар да болды. Сондықтан тұрақтылықты сақтау оңай емес.
– Қай клубтың өнері көңіліңізден шықпады?
– «Қайсарды» биылғы маусымда ең көп көңіл қалдырған команда деп атар едім. Нәтижелері көңілден шықпады.
Бірде чемпионатты жақсы бастап кетеді, бірде нашар ойнайды, кейін қайтадан жеңіске жетеді. Команданың өнерін түсіну қиын болды. «Қайсарға» болжам жасау да оңайға соқпады. Әрине, Премьер-лигадан шығып кеткені өкінішті.
– Чемпиондық атақ үшін күрес қаншалықты тартысты өтті? Жеңімпаздың басты артықшылығы неде болды?
– Чемпиондық үшін «Ордабасы» мен «Қайрат» таласты. Бірақ менің ойымша, «Қайрат» өз алаңында «Тобылдан» 1:4 есебімен жеңілген кезде чемпиондықтан айырылды.
Чемпиондыққа үміткер команда өз алаңында мұндай есеппен ұтылмауы керек. Меніңше, чемпиондықтың тағдыры сол кездесуде, маусым аяқталуына үш-төрт тур қалғанда шешілді.
«Ордабасы» «Қайраттан» бір бас жоғары болды деп айта алмаймын. Екі команданың деңгейі шамалас еді. Бірақ «Қайрат» чемпиондықтан өзі айырылды деп есептеймін.
«Ордабасы» барлық қарсыласын жеңді дей алмаймыз. Олар да талай кездесуде ұпай жоғалтты. «Алтайды» жеңе алмады, «Оқжетпестен» ұтылды. Алайда «Ордабасы» өз алаңында 1:4 есебімен жеңілген жоқ. Айырмашылық осында.
– Қай клуб маусымның басты жаңалығы болды?
– «Оқжетпес» өте жақсы ойнады. Ринат Алюетов мықты команда жасақтады. «Ертістен» бірнеше футболшы алып, құрамды күшейтті.
Маусым басында бұл команда аутсайдер саналды. Бірақ кейін күшейіп, кез келген қарсыласқа қарсылық көрсете алатын ұжымға айналды.
Сондықтан мен үшін биылғы маусымның басты жаңалығы – «Оқжетпес».
– Маусымның үздік бас бапкері деп кімді атар едіңіз? Неліктен?
– Бірнеше үміткерді атар едім. Бірақ олардың ішінде Ринат Мұратұлы Алюетовты ерекше атап өткім келеді.
Ол командасын төртінші орынға жеткізіп, еурокубокқа алып шықты. Қаржылық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары «Ақтөбе», миллиардтаған бюджеті бар «Тобыл» және «Елімай» секілді клубтарды артта қалдырды. Бұл – үлкен жетістік.
Сонымен қатар «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаянды да атап өткен жөн. Маусым басында клубтың жағдайы қиын болды. Тіпті жабылып қалуы мүмкін деген әңгімелер айтылды. Команда толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізе алмады, көптеген футболшы кетіп қалды. Соған қарамастан, Бабаян биыл өзінің мықты маман екенін көрсетті.
Нұркен Мазбаевты да ерекше атап өтер едім. Отандық бапкерлердің арасынан осы үш маманды үздіктер қатарына қосамын.
Ал шетелдік бапкерлерге келсек, шынымды айтсам, біреуін ерекше бөліп көрсету қиын. Биыл тұрақты жұмыс істеген легионер мамандардың нәтижелері көңіл көншітпеді.
– Үздік үш футболшыны таңдау керек болса, кімдерді атар едіңіз?
– Биыл жоғары деңгейде өнер көрсеткен футболшылар көп болды. Солардың қатарында Бауыржан Исламхан мен Башичті ерекше атап өтер едім.
«Астананың» ойыншысы Башич биыл әлем чемпионатына қатысып, өзінің мықты футболшы екенін көрсетті.
Сондай-ақ «Ордабасы» сапындағы Давид Абагнаны үздік футболшылардың бірі деп есептеймін. Ол өзінің шеберлігін дәлелдеді.
Негізі, үздік футболшылар көбінесе жартылай қорғаушылар арасынан шығады. Менің ойымша, осы үш ойыншы биыл ерекше көзге түсті.
– Қай жас қазақстандық футболшының ойыны ерекше әсер қалдырды?
– Ең алдымен Жасұлан Әмірді атар едім. Ол KFF Awards салтанатында «Үздік жас футболшы» номинациясын жеңіп алды. Менің ойымша, бұл – толықтай лайықты марапат.
Сонымен қатар «Ертіс» сапындағы Сағи Маликайдар ерекше көзге түсті. Осыдан екі жыл бұрын Бірінші және Екінші лигаларда өнер көрсеткен футболшы биыл өзін жақсы қырынан танытты.
Бақдәулет Зүлфіқаровты да атап өту керек. Ол «Ұлытауға» келгеннен кейін өзінің мүмкіндігін ашып, мықты шабуылшы екенін дәлелдеп жатыр.
«Астана» сапындағы Мақсат Абраев та биыл жарқырап көрінді. Әрине, жарақат алды, түрлі қиындықтарға тап болды. Жас футболшы болғандықтан, оған үлкен жүктеме түсті. Соған қарамастан, өзін көрсете алды. Менің ойымша, келесі жылы одан да мықты ойыншыға айналады.
«Алтай» сапындағы Сейф Поповты да қосуға болады. Оның дриблингі, алаңдағы түрлі әрекеттері ерекше әсер қалдырды. Ибрагим Дадаевты да атар едім, бірақ оның жас футболшылар санатына жататынына сенімді емеспін.
Биыл ҚПЛ-де осындай таланттар көзге түсті. Олардың кейбірі ұлттық құрамаға да шақырту алып жатыр.
Бірінші лигада өнер көрсеткен Артём Литошты да ұмытпауымыз керек. Нағыз гол соғатын машина екен! Үздік сұрмерген атанды, көп гол соқты, тіпті ұлттық құрамаға шақырту алып жатыр.
Оның да биыл жас футболшылар арасынан жарқырап шыққанын мойындауымыз керек.
