Алматылық клубтың футболшысы командасының ойынына көңілі толғанымен, жіберілген бір қателіктің жеңіске жетуге кедергі болғанын атап өтті.
«Сезімім екіұшты. Біз жақсы ойнадық, жеңіске де жете алатын едік. Алайда бір қателік жібердік. Үш ұпай үшін ойын бойы күрестік. Жалпы нәтижеге қуаныштымын, бірақ сол қателік үшін аздап көңілім қалды», — деді Гуаль.
Шабуылшы өзінің голына да тоқталып, жеке жетістіктен команданың нәтижесі маңызды екенін жеткізді.
«Әрине, гол соққаныма өте қуаныштымын. Бұл — менің жұмысым, мен сол үшін еңбектенемін. Бүгін өз міндетімді орындадым. Бірақ ең бастысы — команда», — деді футболшы.
Сондай-ақ Гуаль Қазақстаннан Италияға команданы қолдау үшін келген 200-ден астам жанкүйерге алғысын білдірді.
«Оларға тек рақмет айтқым келеді. Мұнда жету оңай емес. Олар матч бойы бізге қолдау көрсетіп, дауыс беріп отырды. Команда деген — осы. Жанкүйерлер біз үшін өте маңызды. Үйден алыс жерде болсақ та, олар жанымыздан табылды. Бұл мені қатты қуантады», — деп түйіндеді «Қайрат» шабуылшысы.
