Q Football

Григорий Бабаян: «Қаржыландыру деңгейі кем дегенде 20–30 % жоғары болып, жағдай тұрақтырақ болғанда, чемпиондық үшін толыққанды күресер едік»

Григорий Бабаян: «Қаржыландыру деңгейі кем дегенде 20–30 % жоғары болып, жағдай тұрақтырақ болғанда, чемпиондық үшін толыққанды күресер едік»
Григорий Бабаян (с) ФК Астана

«Астананың» бас бапкерімен үздік үштікке ену, ұжымның ауызбіршілігі, клубтың қаржылық қиындықтары және олардың шешілуіне деген үміт туралы жан-жақты әңгімелестік.

Григорий Константинович, сіз осы маусымда үшінші орын алу үлкен жетістік екенін айтқан едіңіз. Маусымды қандай көңіл күймен аяқтап отырсыз? Атқарылған жұмыс үшін зор мақтаныш сезімін бастан кешіп отырмын деп айта аласыз ба?

– Сезімім екіұдай десем болады. Бір жағынан, біздің клубқа қатысы бар барлық адамды мақтан тұтамын. Клубтың бірінші басшысынан бастап әрбір қызметкерге, футболшыларға, бапкерлер штабына, медициналық және әкімшілік персоналға дейін. Менің ойымша, маусым бойы қандай жағдайда болғанымызды ескерсек, бәріміз бірігіп мүмкін емес нәрсені жүзеге асырдық деуге болады. Орасан зор жұмыс атқарылды және бұл нәтижеге әркім өз үлесін қосты.

Қаржылық қиындықтарға байланысты құрамымызда өте үлкен өзгерістер болғанын да ұмытпау керек. Біз шамамен сегіз футболшыдан айырылдық, олардың бесеуі негізгі құрамның шабуыл шебінде ойнайтын. Шын мәнінде, команданың бүкіл шабуыл желісін қайта жасақтауға тура келді. Мұның бәрі қаржылық тұрақсыздық жағдайында жүзеге асты. Соған қарамастан біз бәсекеге қабілеттілігімізді, ойын философиямызды және футбол сапасын сақтап, ақырында қола медаль жеңіп алдық.

Екінші жағынан, белгілі бір өкініш сезімі де бар. Өйткені мен бұл команданың әлеуетін өте жақсы білемін. Маусым бойы көрсеткен футболымыздың сапасы мен ойын деңгейімізді ескерсек, қаржыландыру кем дегенде 20–30 пайызға жоғары болып, жағдай тұрақтырақ болғанда, чемпиондық үшін толыққанды күресер едік деп сенімді айта аламын. Сондықтан, әрине, барлық жағдайды ескерсек, қола медальдарды мақтан тұтамыз. Бірақ сонымен бірге бұл команданың бұдан да үлкен жетістіктерге жете алатынына деген сенім бар.

Сіз бір сөзіңізде: «Осындай жағдайда қола жүлдегер атанудың әлемде баламасы жоқ екеніне сенімдімін», – деген едіңіз. Маусым барысында команда қандай қиындықтарға тап болғанын толығырақ айтып бере аласыз ба? Бапкерлер штабы мен футболшыларға ең көп қысым түсірген не нәрсе болды?

– Маған сеніңіздер, мұндай жағдайдың әлемде баламасы жоқ екенін айтқаным жай ғана эмоция емес еді. Қаңтардағы алғашқы жаттығудан бастап маусымның басым бөлігінде көптеген мәселе шешілмей қалды. Қаржылық қиындықтарға байланысты осындай деңгейдегі кәсіби клуб үшін қалыпты саналатын көптеген негізгі жағдайлардан бас тартуға мәжбүр болдық. Бұл жаттығу процесін ұйымдастыруға, тамақтануға, тұруға, футболшылардың қалпына келуіне және басқа да күнделікті мәселелерге қатысты болды. Үнемі ымыраға келіп, қалыптасқан жағдайға бейімделуге тура келді. Шын мәнінде, тарихы, дәстүрі және үлкен мақсаттары бар «Астана» секілді клубтың намысын қорғайтын футболшыларға тиісті жағдай жасай алмадық. Сеніңіздер, көпшілік алдында айтқым да келмейтін көптеген мәселе болды.

Жағдайдың қаншалықты күрделі болғанын түсіну үшін бір ғана мысал келтірейін. Бүкіл бапкерлер штабы және негізгі құрамдағы бес футболшы, олардың есімдерін атағым келмейді, қыркүйекке дейін іс жүзінде ең төменгі жалақы көрсетілген келісімшарттар бойынша жұмыс істеп, алаңға шықты. Соған қарамастан олардан күн сайын жүз пайыз күш-жігерін жұмсау, кәсібилігін сақтау және ең жоғары спорттық міндеттерді орындау талап етілді. Ең қиыны да осы болған шығар: өзіміз оларға тиісті жағдай жасай алмай отырғанымызды біле тұра, футболшылардан күн сайын бар күшін салуды, тәртіп пен нәтижені талап ету.

Бірақ бізге футболшылардың менің, бапкерлер штабымыздың талаптарын және клуб стандарттарын жақсы білуі көмектесті. Олар мұның инвестордың жоқтығы мен қажетті қаржылық қолдаудың болмауынан туындаған мәжбүрлі әрі уақытша жағдай екенін түсінді. Бұл біз қалыпты деп санайтын ұйымдастыру деңгейі емес екенін де білді.

Дәл осы түсіністік, өзара сенім және іске деген кәсіби көзқарас барлық қиындықты еңсеруге мүмкіндік берді. Өйткені биыл біз тап болған жағдай «Астана» секілді клуб үшін мүлдем жол беруге болмайтын нәрсе. Бұл клуб ұзақ жылдар бойы чемпиондық үшін күресіп, Қазақстанды халықаралық аренада танытты және еліміздің шекарасынан тыс жерлерде де кеңінен танылған футбол брендіне айналды.

Тағы бір сөзіңізде: «Бапкерлер штабыма, көмекшілеріме, әкімшілік қызметкерлерге және медициналық персоналға үлкен рақмет. Әрине, клуб пен командаға көрсеткен қолдауы үшін Саян Жақсыгелдіұлына ерекше алғыс айтамын. Сіздің рөліңіз шешуші болды. Сіз болмағанда, клуб қазір мүлде болмас еді деп нақты айта аламын», – деген едіңіз. «Астана» шынымен де жұмысын тоқтатуға қаншалықты жақын болды?

– Егер Саян Жақсыгелдіұлы болмағанда, бүгін клуб мүлдем болмас еді деп толық сеніммен айта аламын. Бұл ешқандай әсірелеу емес. Ол маусым бойы команданың жұмысын жалғастыруына мүмкіндік берген аса маңызды мәселелерді шешіп, клубты сақтап қалды. Жағдайдың қаншалықты күрделі болғанын түсіну үшін айтайын: наурыз айының өзінде УЕФА тарапынан еурокубоктарға қатысуға үш жылдық тыйым салыну қаупі туындады. Бұл біз кездескен аса күрделі мәселелердің бір ғана мысалы. Көптеген мәселе көпшілікке белгісіз күйінде қалды. Жанкүйерлер мен қоғам клуб ішіндегі жағдайдың қаншалықты ауыр болғанын тіпті елестете де алмады. Дәл осы кісінің жеке араласуы, табандылығы және орасан зор еңбегінің арқасында біз мәселелердің шешімін тауып, алға жылжи алдық.

Әрине, осындай қиын жағдайда шет қалмай, қолдау көрсетіп, қолдан келгеннің бәрін жасаған клуб басшылығындағы өзге адамдарға да алғыс айтқым келеді. Бірақ Саян Жақсыгелдіұлының рөлін ерекше атап өткім келеді. Оның биылғы маусымда «Астананы» сақтап қалуға қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Менің ойымша, бұл туралы ашық айту керек. Өйткені қазір біз қола медальдарды, футбол сапасын және команданың болашағын талқылап отырмыз. Ал бұл адамдар болмағанда, бәлкім, талқылайтын ештеңеміз де болмас еді.

Команда ішіндегі осындай ауызбіршілікке қалай қол жеткіздіңіздер? Қиындықтарға қарамастан ұжымның ыдырамай, жігерін сақтап, жүлдегерлер қатарына енуіне не көмектесті? Бәлкім, қиындықтардың өзі команданы біріктіретін шығар?

– Менің ойымша, қиындықтардың өзі ұжымды біріктірмейді. Кейде, керісінше, оны ыдыратып жіберуі мүмкін. Команда ішіндегі ауызбіршілік – күнделікті орасан зор еңбектің, ең алдымен ұжымды дұрыс басқарудың нәтижесі. Меніңше, қазіргі футболда команданы басқара білу, ойыншылардың психологиялық жағдайын сезіну, тепе-теңдік пен салауатты атмосфераны сақтау – бапкер мамандығының ең маңызды қырларының бірі.

Бұл жерде бүкіл клубымыздың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Ең қиын сәттерде клубтың бірінші басшысы командамен жеке кездесіп, футболшылармен сөйлесіп, туындаған мәселелерді шешуге көмектесті. Біз де бапкерлер штабымен бірге ойыншылармен үнемі байланыста болдық. Ұжымның көңіл күйін сезінуге, дұрыс сөз табуға, қажет кезде қолдау көрсетуге, ал кейде керісінше талап қоюға тырыстық.

Өйткені команда сәтсіз ойындар сериясын бастан кешіріп немесе спорттық қысымға тап болған кезде ұжымды басқару бір бөлек. Ал адамдар бірнеше ай бойы жалақы алмай, үнемі белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатқанда, соған қарамастан олардан күн сайын барынша жоғары нәтиже талап ету мүлдем басқа мәселе.

Осындай мықты әрі ұйымшыл ұжым қалыптастыра алғанымызды мақтан тұтамын. Бәлкім, футболшылардың өздері де осы маусымда психологиялық тұрғыдан қаншалықты үлкен сынақтан өткенін толық түсінбейтін шығар.

Біздің ұстанымымыз өте қарапайым болды: футбол алаңынан тыс жерде болып жатқан барлық мәселені киім ауыстыратын бөлмеде қалдырамыз. Ал жаттығуға немесе матчқа шыққанда жұмыс істейміз, күресеміз және команда үшін бар күшімізді саламыз. Ең таңғаларлығы, жігіттер шынымен де осы қағиданы ұстанды. Әрбір жаттығуда дерлік барынша күш салу, тәртіп пен өз деңгейін арттыруға деген ұмтылыс байқалды.

Әрине, аса қиын сәттер де болды. Маусым барысында бірнеше рет жағдайдың күрделенгені сонша, футболшылар бұрынғы тәртіппен жұмыс істеуді жалғастыра алмайтынын айтып, ең болмағанда қандай да бір нақтылық алу үшін басшылықпен кездесу ұйымдастыруды сұрады. Менің ойымша, бұл – адами тұрғыдан толық түсінуге болатын қалыпты реакция.

Бірақ ең бастысы – осындай қиын сәттерден кейін команда бойынан қайта күш тауып, жұмысқа оралды, бірлігін сақтады және ең жоғары орындар үшін күресін жалғастырды.

Сондықтан бұл қола медальдар тек футбол шеберлігі мен тактикалық дайындықтың нәтижесі ғана емес екеніне сенімдімін. Бұл – ұжымымыздың мінезінің, ішкі мәдениеті мен психологиялық төзімділігінің де көрсеткіші. Сол үшін әрбір футболшыға шексіз алғыс айтамын.

Григорий Бабаян (с) ФК Астана
Григорий Бабаян (с) ФК Астана

Барлық қиындықтарға қарамастан, «Астананың» ойын деңгейі айтарлықтай төмендеген жоқ. Команда осы маусымда допқа иелік ету (61%) және пас дәлдігі (87%) бойынша үздік атанды. Бұл ешқандай қиындық футболшылардың шеберлігі мен ойын сапасына әсер ете алмайтынын білдіре ме?

– Білесіз бе, мен ойын деңгейіміз «айтарлықтай төмендеген жоқ» деген тұжырыммен келіспес едім. Менің ойымша, барлық жағдайға қарамастан, біз футболымыздың сапасы мен мазмұны жағынан айтарлықтай алға қадам жасадық.

Маусым басталар алдында не айтылғанын еске түсірейік. Көптеген футболшы кеткеннен кейін бірқатар маман мен жанкүйер бізге іс жүзінде ешқандай мүмкіндік бермеді. Мұндай құраммен басты міндетіміз Премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалу болады деген пікірлер айтылды. Әр футболшы жеке-жеке сынға алынды. Исламхан екі жыл футбол ойнамаған, Каримов негізгі шабуылшы болмаған, Басмановтың тәжірибесі жеткіліксіз, ал Томасовтың жасы ұлғайған деген әңгімелер көп болды.

Алайда чемпионатқа қандай жағдайда дайындалғанымызды ескергендер аз. Біз бар болғаны 14 күн толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізіп, небәрі төрт бақылау матчын ойнадық. Құрамында осындай үлкен өзгерістер болған команда үшін бұл өте аз.

Дегенмен дайындықтың алғашқы күнінен бастап бапкерлер штабымен бірге қандай футбол ойнағымыз келетінін нақты білдік. Біз бұрынғы ойынымызды сол күйінде сақтап қалуға тырысқан жоқпыз. Қолымызда бар футболшылардың ерекшеліктері мен мықты қырларын ескере отырып, көптеген тактикалық элементті елеулі түрде қайта қарастырдық.

Маусым басында «жалған шабуылшылар» қолданылатын белгілі бір тактикалық жүйелерді пайдаланып, алаңның орталық аймақтарында сандық басымдық қалыптастырдық. Чемпионат барысында ойынымызды үнемі дамытып, жаңа тактикалық шешімдер енгіздік, футболшылардың орналасуын өзгерттік, позициялық ротацияны, түрлі қозғалыстар мен ойын шептері арасындағы өзара әрекетті қолдандық. Мұның бәрі футболдың заманауи даму үрдістерін ескере отырып жүзеге асырылды.

Біз үшін допты тек статистика үшін бақылау емес, алаңда басымдық таныту, сандық артықшылық қалыптастыру, бос аймақтарды табу, ойын қарқынын басқару және гол соғатын мүмкіндіктер жасау маңызды болды.

Ең бастысы – футболшылар біздің идеяларымызды қабылдап, оларға сенді және алаңда жүзеге асыра алды. Бұл – бүкіл бапкерлер штабы мен ойыншылардың күнделікті орасан зор еңбегінің нәтижесі.

Менің ойымша, осы маусымда «Астана» жарқын, комбинациялық және шабуылға бағытталған футбол көрсетті. Мұны тек жанкүйерлеріміз ғана емес, футбол мамандарының да атап өткені ерекше қуантады.

Сонымен қатар команданың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ деп сенемін. Біз бұдан да жақсы ойнай алар едік. Кей тұстарда шабуылдарды аяқтау шеберлігі мен голдық мүмкіндіктерді пайдалану жағынан сапа жетіспеді. Кей позицияларда құрам тереңдігі мен бәсекелестік жеткіліксіз болды.

Тағы бір маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Бізді ұзақ жылдар бойы легионерлердің көптігі үшін сынап келді. Бірақ осы маусымдағы командамызға қараңыздар: негізгі құрамда тұрақты түрде кем дегенде жеті қазақстандық футболшы алаңға шықты. Оның үстіне олардың кейбірі мансабында алғаш рет ұлттық құрамаға шақырту алды.

Мен үшін бұл да жұмысымыздың өте маңызды көрсеткіші. Біз тек нәтижеге қол жеткізіп қана қоймай, сапалы әрі заманауи футбол көрсетуге, қазақстандық ойыншылардың әлеуетін ашуға және олардың жаңа деңгейге көтерілуіне көмектесуге болатынын дәлелдедік.

Сондықтан допқа иелік етудің 61 пайызы мен пас дәлдігінің 87 пайызы – жай ғана әдемі сандар емес. Оның артында үлкен жүйелі жұмыс, нақты ойын идеясы және сол идеяны алаңда жүзеге асыра алған футболшылар тұр.

Сонымен қатар қорғаныста белгілі бір мәселелер байқалды. Допты қайтарып алу және қарсыластың пастарын ұстап қалу көрсеткіштері бойынша «Астана» лигадағы соңғы орындарда тұр. Бұл немен байланысты болды? Осы кемшіліктерді қалай түзетуді жоспарлап отырсыздар?

– Мен қорғаныстағы ойын сапасын тек қарсыластың пастарын ұстап қалу және допты қайтарып алу саны арқылы бағаламас едім. Бұл жерде көп нәрсе команданың ойын үлгісіне байланысты.

Біз маусымның басым бөлігінде алаңда басымдық танытып, допты бақылауға және қарсылас алаңының жартысында ойнауға ұмтылдық. Допқа иелік етудің орташа көрсеткіші 61 пайыз болғандықтан, қорғаушыларымыздың жекпе-жекке түсіп, қарсыластың пастарын ұстап қалу мүмкіндігі объективті түрде аз болды. Өйткені ойын уақытының басым бөлігінде доп біздің бақылауымызда болды.

Сондықтан мұндай көрсеткіштерді жеке қарастырмай, команданың ойын стилімен байланыстыра талдау қажет.

Дегенмен қорғаныста, әсіресе доптан айырылғаннан кейінгі өтпелі кезеңдерде белгілі бір мәселелер болғанын жоққа шығармаймын. Біз қорғаныс шебін айтарлықтай жоғары орналастырып ойнадық. Ал мұндай ойын үлгісі қорғаушыларға әрдайым жоғары талап қояды. Бұл олардың позицияны дұрыс таңдауына, шешімді жылдам қабылдауына, өзара әрекетіне және доп жоғалтқан сәтте команданың дұрыс ұйымдасуына қатысты.

Сонымен қатар кадрлық жағдайды да ескеру қажет. Маусым бойы бізде қорғаныс шебінде тұрақты ойыншылар үйлесімі болған жоқ.

Әлібек Қасым командаға тек биыл қосылды. Біздің тактикалық талаптарымыз ол үшін мүлдем жаңа болды. Наурыз-сәуір айларында ол оңтайлы бабына келе бастады, ойын үлгімізге бейімделді. Алайда кейін жарақат алып, шамамен екі ай алаңға шыға алмады. Қайтып оралған соң бір матч өткізіп, қайтадан бір айға жуық уақытқа қатардан шықты. Әрине, мұның бәрі оның бейімделу процесін айтарлықтай қиындатты.

Кипрас Казуколовас айқас байламдарының ауыр жарақатынан кейін оралды. Бірақ құрамды алмастыру мүмкіндігіміз шектеулі болғандықтан, оған бірден бірнеше матчты қатарынан өткізуге тура келді.

Жас Санжар Ануаров осындай деңгейдегі алғашқы толыққанды маусымын өткізіп, тұрақты ойын тәжірибесіне ие болды. Жас қорғаушы үшін бұл – үлкен тәжірибе, сонымен қатар зор жауапкершілік.

Негізгі қорғаушыларымыздың бірі Бранимир Калаицаны да ұмытпау керек. Ол «Қайратпен» матч алдында ауыр жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шықты.

Нәтижесінде қорғаныс шебін үнемі қайта құруға, ойыншылардың үйлесімін өзгертуге және футболшыларды жаңа рөлдерге бейімдеуге мәжбүр болдық.

Ал қорғаныс шебін жоғары орналастырып, заманауи шабуыл футболын ойнауға ұмтылатын команда үшін қорғаушылардың тұрақтылығы мен өзара түсіністігі өте маңызды.

Соған қарамастан, біз бұл мәселелерді жақсы түсіндік және маусым бойы оларды шешуге көп көңіл бөлдік. Теориялық сабақтарда осы эпизодтарды тұрақты түрде талдап, доп жоғалтқаннан кейінгі ойын ұйымдастыру, футболшылардың дұрыс орналасуы, бір-бірін сақтандыруы және шептер арасындағы өзара әрекет бойынша жұмыс істедік.

Әрине, әлі де жетілдіретін тұстарымыз бар. Біз қорғанысқа ауысу сапасын жақсартқымыз келеді, доп жоғалтқан сәтте жылдамырақ әрекет етуді, қарсы прессингті тиімдірек қолдануды және жоғары орналасқан қорғаныс шебінің артындағы кеңістікті жақсырақ бақылауды көздеп отырмыз.

Бірақ ең бастысы – біз өз ойын философиямыздан бас тартпаймыз. Біздің мақсатымыз сақтыққа көбірек мән беретін командаға айналу емес, шабуылға негізделген ойын үлгімізді одан әрі теңгерімді әрі сенімді ету.

Команданың көшбасшыларының қатарында тәжірибелі Марин Томасов (қақпаға дәл соққы саны бойынша лигада үздік – 46) пен Ян Вороговский (пас саны бойынша лига көшбасшысы – 1902) болды. Олардың үлесін қалай бағалайсыз? Алаңда жауапкершілікті өз мойнына алып, команданы алға жетелеген және қола жүлдеге қол жеткізуге көмектескен дәл осы тәжірибелі футболшылар деген пікірмен келісесіз бе?

– Әрине, біздің командада ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейде өнер көрсетіп келе жатқан тәжірибелі әрі білікті футболшылар жеткілікті.

Марин Томасов пен Ян Вороговский нәтижемізге үлкен үлес қосты. Олардың тәжірибесі, кәсібилігі және көшбасшылық қасиеттері команда үшін өте маңызды.

Алайда мен ешкімді жеке бөліп көрсеткім келмейді. Бізде басқа да тәжірибелі футболшылар бар, олардың есімдерін өздеріңіз жақсы білесіздер.

Маусым басынан бері айтып келемін және қазір де қайталағым келеді: осы маусымдағы басты артықшылығымыз – ұжымымыз болды. Біздің бірлігіміз, командалық рухымыз, ұжым ішіндегі атмосфера және әркімнің ортақ нәтиже үшін еңбек етуге дайындығы шешуші рөл атқарды.

Әрине, кейбір футболшылар жекелеген матчтарда жарқын ойын көрсетті, енді біреулері маусым бойы тұрақтылық танытты, ал кейбірінің қиын кезеңдері болды. Бұл – футболдағы қалыпты құбылыс.

Бірақ ең жас ойыншыдан бастап ең тәжірибелі футболшыға дейін әрқайсысы осы қола медальдарға өз үлесін қосты деп сенемін.

Сондықтан бұл жетістікті жекелеген ойыншылар арасында бөліп қарастырғым келмейді. Осы маусымдағы басты күшіміз жеке тұлғаларда емес, нағыз командаға айналғанымызда болды.

Дәл осының арқасында барлық қиындықты еңсеріп, нәтижеге қол жеткіздік.

Қазіргі уақытта клубтың қаржылық жағдайы қандай? Жағдайдың тұрақталып, қарыздардың өтелуіне қандай да бір алғышарттар бар ма?

– Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жағдай іс жүзінде өзгерген жоқ. Біз әлі де күту үстіндеміз және қаржылық мәселелердің мүмкіндігінше тезірек шешілуіне үміт артып отырмыз.

Жасырмаймын, әлеуетті инвестормен танысып, кездесу өткіздік. Бірақ әзірге бұл тек алдын ала сөйлесу деңгейінде ғана. Қандай да бір нақты келісімдер немесе мерзімдер туралы айтуға әлі ерте.

Әрине, бәріміз жақын арада жағдайдың айқындалып, жиналып қалған қарыздар мәселесінің шешілуіне және клубтың қажетті қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуіне үлкен үміт артамыз.

Өйткені қазір бұл – тек келесі маусымға дайындыққа ғана емес, жалпы клубтың алдағы дамуына да әсер ететін ең басты мәселе.

Клубтағы қазіргі жағдай трансферлік науқанды жоспарлауға мүмкіндік бере ме?

– Өкінішке қарай, бүгінгі таңда трансферлік науқанды толыққанды жоспарлай алмай отырмыз.

Алдыңғы жылдары осы уақытқа қарай, тіпті одан әлдеқайда ертерек келесі маусымға құрамды қалай жасақтайтынымыз, қандай позицияларды күшейту керектігі, қай футболшылармен ынтымақтастықты жалғастыратынымыз және селекциялық жұмысты қай бағытта жүргізетініміз туралы нақты түсінігіміз болатын.

Биыл жағдай мүлдем басқаша. Қаржылық белгісіздікке байланысты әлі күнге дейін қандай мүмкіндіктеріміз болатынын, команданы жасақтауға қанша бюджет бөлінетінін және жалпы жаңа футболшыларды шақыру мүмкіндігі бола ма, жоқ па – соны білмейміз.

Дегенмен бапкерлер штабымен бірге қандай ойын компоненттерін және қай позицияларды күшейту қажеттігін жақсы түсінеміз. Командамыздың мықты жақтарын да, жетілдіруді қажет ететін тұстарын да жақсы білеміз.

Бір нәрсені нақты айта аламын: бізге құрамды күшейту қажет. Бұл тек жаңа футболшыларды шақыру ғана емес, команда ішінде толыққанды бәсекелестік қалыптастыру мәселесі де.

Салауатты бәсекелестік, құрам тереңдігі және ойыншыларды алмастыру мүмкіндігі болмаса, маусым бойы жоғары ойын деңгейін сақтау өте қиын. Әсіресе команда бірден бірнеше турнирге қатысқан жағдайда.

Жақын арада жаңа инвестордың келуіне қатысты мәселе оң шешімін тауып, клуб қажетті қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізеді және біз толыққанды селекциялық жұмысқа кірісе аламыз деп үміттенеміз.

Өйткені біздің мақсаттарымыз бен амбицияларымыз өзгерген жоқ. Біз қол жеткізген нәтижемен шектеліп қалғымыз келмейді.

Команданы күшейтіп, осы маусымда көрсеткен футболымызды одан әрі дамытуды, келесі жылы Қазақстан чемпиондығы үшін толыққанды күресуді және Конференциялар лигасында лайықты өнер көрсетуді қалаймыз.

Құрам тиісті деңгейде күшейтіліп, қаржыландыру тұрақты болып, дайындыққа қажетті жағдай жасалса, бұл команданың осындай міндеттерді орындауға әлеуеті жететініне сенімдімін.

Оқу-жаттығу жиындарына қатысты жоспарлар анықталды ма?

– Иә, келесі маусымға дайындық жоспарлары қазірдің өзінде белгіленген. Бірақ әзірге барлық келісімдер ауызша деңгейде қалып отыр.

Алғашқы он күндік оқу-жаттығу жиынын 9 желтоқсаннан бастап Астанада өткізуді жоспарлап отырмыз.

Одан кейін, алдыңғы жылдардағыдай, дайындықты Біріккен Араб Әмірліктерінде жалғастырмақпыз.

Бірақ бұл жерде инвестордың келуіне қатысты мәселенің мүмкіндігінше тезірек, тіпті бүгіннің өзінде шешілгені өте маңызды.

Өйткені уақыт өтіп жатыр. Біз алдын ала келісімдерден нақты іске көшіп, команданың келесі маусымға толыққанды дайындалуына қажетті жағдай жасауымыз керек.