«Ертеңгі финалда «Ордабасының» фаворит екендігін бәріміз түсініп тұрмыз. «Қайсар» – Бірінші лигаға шығып қалған команда. Ал қарсыласы – Қазақстан чемпионы болған ұжым. Екеуінің арасында 15 команда бар деген сөз. Өздеріңіз ойлай беріңіздер, деңгей қандай.
Бірақ бұл – финал. Кездесу пенальти сериясына ұласып кетуі мүмкін. Мұндай сценарий «Қайсарға» тиімді. Оларға ертең қорғаныста жинақы ойнау керек. Пенальтиге немесе қосымша уақытқа жеткізсе, «Қайсардың» да мүмкіндігі болады, сол кезде жағдай теңеседі.
Бірақ қазір матчтың тура алдында жағдай тең емес. Статистикаға қарасақ, «Қайсарда» Йонсен мен Абагна секілді көрсеткіштері бар ойыншылар жоқ. Дегенмен олар команда болып өнер көрсетіп, бір-бірін сақтандырып, ұйымшыл әрі үйлесімді ойын көрсетсе, біртұтас ұжым ретінде қорғанып және шабуылдаса тең дәрежеде ойнай алады. Сонда мүмкіндіктері болады. Бірақ негізгі фаворит – әрине, «Ордабасы»», – деді Ермұхамед Мәулен.
Ермұхамед Мәулен «Ордабасы» – «Қайсар» финалына болжам жасады

Қазақстандық белгілі комментатор әрі спорт сарапшысы QFootball-ға берген эксклюзивті пікірінде Қазақстан кубогының финалында қай команданың мүмкіндігі жоғары екенін айтты.