Q Football

Вахид Масудов: «Премьер-лигада талап басқа, Бірінші лигадағы тәжірибемен мұнда ойнау қиын»

Вахид Масудов: «Премьер-лигада талап басқа, Бірінші лигадағы тәжірибемен мұнда ойнау қиын»
Вахид Масудов (с) KazFootball

QFootball-ға берген эксклюзив сұхбатында «Алтай» командасының бас бапкері маусымды қорытындылап, Премьер-лигадағы ойын қиындықтары туралы айтып, жыл сайын дамитын ойыншыны атады.

Вахид Юнусович, команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. Бұл жетістікті маусымның басты нәтижесі деп бағалауға бола ма?

– Бастапқыда алдымызға Премьер-лигада қалу міндеті қойылды. Біз бұл мақсатты орындадық. Дегенмен командаға бұдан бөлек те міндеттер жүктелген болатын.

«Алтай» биылғы маусымда өз мүмкіндігінің барлығын пайдаланды деп айтуға бола ма? Өйткені клуб Бірінші лигада үшінші орын алып, Премьер-лигаға жолдама алған еді.

– Команданы жасақтау жағынан мүмкіндігіміздің шектеулі екенін түсіндік. Маусымды негізінен Бірінші лигада ойнаған 15-17 футболшымен бастадық. Жігіттердің барлығы бірдей Премьер-лигадағы талаптардың өзгеше екенін бірден түсіне қойған жоқ. Бірінші лигадағы тәжірибеге сүйеніп, мұнда ойнау қиын.

Алғашқы жеңіс тек мамыр айында, яғни Премьер-лига басталғаннан кейін екі айға жуық уақыт өткенде тіркелді. Маусым барысында нені өзгерте алдыңыздар? Команда жеңіске қалай қол жеткізе бастады?

– Бастапқыда тәжірибе жетіспеді. Көптеген ойыншы мұндай деңгейде бұрын-соңды өнер көрсетпеген еді. Жаңа атмосфераға үйрену қажет болды. Маусым барысында команда біртіндеп қарқын қосып, жеңістерге жете бастады. Әрине, кейбір мүмкіндіктерді жіберіп алдық. Дегенмен «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы» командаларынан ұпай тартып алдық. Сондай-ақ «Елімаймен» өткен екі кездесуде де ұпай жинадық.

Команданың басты жаңалықтарының бірі Сэйф Попов болды. 22 жастағы шабуылшы «Алтайдың» үздік сұрмергені атанып (6 гол), дриблинг жасау әрекеттері бойынша Премьер-лигада үшінші орын алды. Оның ойынына қандай баға бересіз? Маусымаралық үзілісте оны командада алып қалу қиын бола ма?

– Сэйфті бұрыннан танимын. Қазақстанның U19 құрамасында жұмыс істеген кезімде де ол менің қол астымда ойнаған. Сондықтан оған қуаныштымын. Бірақ бұл оның мүмкіндігінің шегі емес. Сэйф жыл сайын одан әрі дамып, жақсы ойыншы бола түседі. Оның әлеуеті өте жоғары.

«Алтай» допқа иелік ету көрсеткіші бойынша Премьер-лигада соңғы орынға тұрақтады – небәрі 40 пайыз. Команда әдейі қарсы шабуылға басымдық берді ме? Келесі маусымда ойын стилін өзгертуді жоспарлап отырсыз ба?

– Мен үшін бұл статистиканың ешқандай маңызы жоқ. Біз тікелей шабуылдауға тырыстық және көп жағдайда бұл ойымыз жүзеге асты.

Сонымен қатар командада допты қарсыластың айып алаңына жеткізу жағынан да қиындықтар болды. Бұл көрсеткіш бойынша «Алтай» 15-орында. Осы мәселені шешудің жолдары бар ма?

– Бұл мәселеде де үлкен қиындық болды деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, қарсыластардың айып алаңында көптеген гол соқтық.

Трансферлік нарықта «Алтай» қандай мақсат көздейді? Қай позицияларды күшейту қажет?

– Барлық позицияны күшейту керек.

Команда оқу-жаттығу жиындарын қай жерде өткізуді жоспарлап отыр?

– Бірнеше жоспарымыз бар. Олардың қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен дайындықты Өскеменде бастаймыз.

Келесі маусымдағы «Алтайды» қалай елестетесіз?

– Қарқыны жоғары, өзіне сенімдірек әрі алдына анағұрлым маңызды міндеттер қоятын команда ретінде көргім келеді.