Q Football

«Елімай»: тарихи маусым ойдағыдай аяқталмады

«Елімай»: тарихи маусым ойдағыдай аяқталмады
©️toleuzhanov.018

Семейлік клуб алғаш рет еурокубоктерде өнер көрсетті. Алайда команда бірде-бір турнирде үмітті ақтай алмай, Қазақстан чемпионатын алтыншы орынмен аяқтады.

Маусым басталар алдында семейліктер жүлделі орындар үшін күресуді көздеді. Клуб негізгі құрамын және бас бапкер Андрей Карповичті сақтап, бірнеше футболшымен толықты. Сонымен қатар «Елімайдың» бюджеті 2,808 млрд теңгені құрап, елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.

ҚПЛ-дегі алғашқы жеті турда команда жеңіліс көрмей, «Тобыл» мен «Ақтөбені» жеңді. Сондай-ақ «Астана» және «Қайратпен» тең түсті. Алайда кейін команда дағдарысқа ұшырады. Әсіресе қорғаныстағы мәселелер анық байқалды: 30 матчта 43 гол соғып, өз қақпасына 44 гол жіберді.

Ең үлкен сәтсіздік Конференция лигасында тіркелді. Бірінші іріктеу кезеңінде «Елімай» армениялық «Алашкертпен» кездесті. Қонақтағы 1:1 есебінен кейін семейлік клуб қарымта матчтың фавориті саналды. Алайда негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталып, ойын қосымша уақытқа ұласты. 96-минутта Хрвое Илич пенальтиді сәтті орындағанымен, 121-минутта команда өз қақпасына гол соғып алды. Пенальти сериясында «Елімай» 5:6 есебімен жеңіліп, еурокубоктегі жолын алғашқы кезеңде аяқтады.

Қазақстан кубогында да команда табысқа жете алмады. 1/8 финалда «Ақтөбеден» 1:2 есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Ал чемпионатта төменгі орындардағы командаларға қарсы ұпай жоғалтып, маусымды алтыншы орынмен аяқтады.

Маусым барысында Андрей Карпович қызметінен кетті. Ол үш жыл бойы команданы жаттықтырғанымен, клубқа бірде-бір медаль немесе жүлде әкеле алмады. Чемпионаттың соңғы кездесуінде «Елімайды» Серікбек Қаппаров басқарды.

Қорытындысында бұл маусым клубтың 2024 жылы ҚПЛ-ге оралғаннан бергі бір матчқа шаққандағы орташа ұпай көрсеткіші бойынша ең нашар кезеңі болды. Енді семейліктерге мықты бас бапкер тауып, құрамды күшейтіп, негізгі қазақстандық футболшыларды сақтап қалу қажет.