Премьер-лиганың 25-турындағы кездесу Луиш Карлуш Альмейда да Куньяның «ақ-қызылдардың» капитаны ретіндегі дебютімен есте қалды. Қазақстандағы өзінің алғашқы маусымын өткізіп жатқан 39 жастағы жартылай қорғаушы командасына астаналықтардың қарсылығын жеңуге көмектесіп, биылғы додада клубты алаңға капитандық белгімен алып шығу құрметіне ие болған төртінші футболшы атанды.
Ағымдағы біріншілікте өткізілген 24 ойында «Ақтөбенің» көшбасшылық міндеті барлығы төрт ойыншыға жүктелді. Бұл рөлді ең көп атқарған Иван Ордец болды — ол капитан ретінде 16 матч өткізді. Бағдат Қайыров команданы төрт рет бастап шықса, капитандық белгі үш рет Тимур Досмағамбетовке бұйырды, енді бұл тізімге Нани де қосылды.
