24-ші және 25-ші ойын күндері шеңберінде ел біріншілігінде алғаш рет бой көрсеткен жалғыз ойыншы — «Қызылжардың» шабуылшысы Абылайхан Кенжадоев. Бұған дейін Freedom QJ League жасөспірімдер лигасында жылдың үздік шабуылшысы атанған 17 жастағы дарынды ойыншы ересектер деңгейіндегі мүмкіндігіне «Ордабасыға» қарсы өткен тартысты кездесуде қол жеткізді: бапкерлер штабы жергілікті түлекті 85-минутта ивуарлық легионер Эдгард Бугренің орнына алаңға шығарды.
Маусым басталғалы бері қазақстандық футболдың жоғарғы эшелоны 150 дебютантқа есік ашты. Олардың ішінде отандық төлқұжатқа ие небәрі 42 ойыншы болса, қалған 108-і легионерлердің еншісіне тиесілі. Жаңа есімдерді тіркеу жағынан көш басында Павлодардың «Ертісі» тұр — клуб сапында бірден 17 жаңа ойыншы дебют жасаған. Одан кейінгі орындарға «Тобыл» (15) және «Ақтөбе» (13) жайғасты. Ал көрсеткіштің соңында бар-жоғы 6 ойыншыға мүмкіндік берген «Оқжетпес», «Астана» және «Атырау», сондай-ақ 5 дебютанты бар талдықорғандық «Жетісу» тұр. Бұл тұрғыда ең сабырлы ұстаным танытқан елордалық «Жеңіс» болды — клуб небары төрт ойыншының тұсауын кескен.
