Луиш Нани инстаграмдағы жазбасында Қазақстандағы кезеңіне тоқталып, футболдың өзі тек алаңдағы ойынмен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл - адамдар, ортақ сезімдер және уақыт өте қалыптасатын байланыстар.
Португалиялық футболшы Қазақстанда жаңа мәдениетті танып, өзін ерекше жылылықпен қарсы алған орта тапқанын жазды. Сондай-ақ Нани «Ақтөбеде» жүргенде мансабында жинаған білімі мен тәжірибесін командамен бөлісуге тырысқанын жеткізді. Ол клубтың дамуына үлес қосып, «Ақтөбенің» алаңда да, алаңнан тыс та өсуіне көмектесуді мақсат еткенін айтты.
«Футболдың ерекшелігі - оның алаңда болып жатқан дүниеден әлдеқайда кең ұғым екенінде. Бұл - адамдар, ортақ сезімдер және жол бойы қалыптасатын байланыстар.
Қазақстанда мен жаңа мәдениетпен танысып, мені ерекше жылылықпен қабылдаған қауыммен табысуға мүмкіндік алдым. «Ақтөбеде» мансабым барысында жинаған білімім мен тәжірибемді бөлісуге тырыстым: клубтың дамуына үлес қосып, оның алаңда да, алаңнан тыс та өсуіне көмектессем деген ниет болды.
«Ақтөбенің» бір бөлшегі болу мен үшін шынайы қуаныш еді», - деп жазды Нани.
Оның қоштасу сипатындағы соңғы үй ойыны 25 қазанда Орталық стадионда алматылық «Қайратқа» қарсы өтті және матч 2:2 есебімен аяқталды. Сол кездесуде Нани 75-минутта жанкүйерлердің ду қол шапалағымен алаңнан шықты. Ойыннан кейін бірден «Манчестер Юнайтед» пен Португалия құрамасының бұрынғы ойыншысы клуб жанкүйерлерімен қоштасып, маусым соңында командадан кететінін мәлімдеді.
