Q Football

Бьорн Йонсен — «Қайраттан» жеңіліс, ҚПЛ алтыны үшін күрес және Қазақстан құрамасының болашағы туралы

Бьорн Йонсен — «Қайраттан» жеңіліс, ҚПЛ алтыны үшін күрес және Қазақстан құрамасының болашағы туралы

Шымкенттік «Ордабасының» норвегиялық шабуылшысы Бьорн Йонсен ҚПЛ-ның 19-турындағы алматылық «Қайратқа» қарсы орталық матчты (1:2) қорытындылап, чемпиондық бәйге туралы ойымен бөлісті және қазақстандық футболдың даму әлеуетін бағалады, деп хабарлайды ASnews.kz.

«Қайратпен» ойын туралы

— Жоғары дәрежедегі тартысты ойын. Біз бұл кездесуде кемінде тең түсе алар едік. Ойын жаман болған жоқ, бірақ қарсылас ерте гол соғып, матч тізгінін өз қолына алды. Соңғы минуттарда алматылықтардың «Омонияға» қарсы еурокубоктық сапардан кейін шаршағаны байқалды, бізде де жақсы мүмкіндіктер пайда болды. Гол соққаныма қуаныштымын, бірақ матч нәтижесі біз күткендей болмады. Амал не, бары осы.

«Ордабасыға» бейімделу

— Шын мәнінде, жүйесі жолға қойылған ұжымға сіңісіп кету оңай екен. Жігіттер тамаша ойын көрсетіп жүр. Менің міндетім — алаңға шығып, командаға пайдалы екенімді дәлелдеу.

Кез келген клубта өрлеу мен құлдырау болады, бірақ дәл қазір біз жақсы бабымыздамыз. Бүгін қажетті нәтижеге қол жеткізе алмасақ та, лайықты футбол көрсетіп, «Қайратпен» иық тірестіре алатынымызды дәлелдедік.

Чемпиондық бәйге

— Иә, алтын медаль үшін басты күрес біз бен «Қайрат» арасында өтеді. Футболда мұндай жағдайлар болып тұрады: өз алаңыңда жеңіске жетіп, сыртта ұтылу — бұл қалыпты процесс. Ең бастысы — бізде қосалқы бір матч бар. Келесі кездесулерде өз ұпайымызды еншілеп, әрбір қадамға барынша зейін қоюымыз керек.

Жанкүйерлер мен Қазақстан құрамасы туралы

— Жанкүйерлердің зор қолдауы әрдайым сезіледі, біздің фанаттарға өте ырзамын және алғысым шексіз. Мұндай қолдау тек біз үшін емес, бүкіл елдің футбол мәдениеті үшін де маңызды. Жақында стадиондарға жанкүйерлердің келу статистикасын қарадым: біздің үйдегі матчтарымызға орта есеппен 16 мың адам жиналса, «Қайратта» — 18 мыңға жуық. Бұл — керемет көрсеткіш!

ҚПЛ деңгейінің өсіп, лигаға деген қызығушылықтың артқанын қалаймын — Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына тек осылайша өте алады. Бұл үшін адамдар футболды шын жүректен жақсы көруі тиіс.

Футбол — әлемдегі ең сұлу ойын. Жанкүйерлердің стадионға келіп, өз клубтарын қолдағанын көру өте жағымды. Әрине, Алматыға арнайы келіп, керемет атмосфера сыйлаған біздің жанкүйерлерге бөлек рақмет.

Премьер-лига көшбасшыларының Алматының Орталық стадионындағы кездесуі «Қайраттың» 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Алаң иелері сапында Марк Гуаль (14-минут) мен Ойва Юккола (87-минут) гол соқты. «Ордабасы» бұған тек 93-минутта Бьорн Йонсеннің дәл соққысымен жауап берді.

Осы жеңістің арқасында «Қайрат» 45 ұпай жинап, турнир кестесінің көшін бастады. 43 ұпайы бар «Ордабасы» екінші орынға сырғыды, бірақ шымкенттіктердің қорында әлі бір қосалқы матч бар.

32 жастағы норвегиялық шабуылшы Бьорн Йонсен «Ордабасы» қатарына шілде айында қосылды. Ол өз мансабында Норвегия, Нидерланд, Португалия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Шотландия, Болгария және Грузия чемпионаттарында ойнап үлгерген. Форвард Норвегия ұлттық құрамасы сапында 16 матч өткізіп, 5 гол соққан (2017–2021). Кәсіби деңгейде Йонсен жалпы 381 кездесуге қатысып, 147 гол соқты және 23 нәтижелі пас берді.