ASnews.kz мәліметінше, «Ақтөбе» басшылығы Англияның «Саутгемптон» клубының бұрынғы шабуылшысын жетекшілік қызметке тағайындауға қызығушылық танытып отыр. Бұған дейін БАҚ-та клубтың қазіргі спорттық директорының қызметінен кетуі мүмкін екені хабарланған болатын.
Пахарьдың басқарушылық және бапкерлік тәжірибесі бар. Ол Латвия футбол федерациясының спорттық директоры қызметін атқарған, сондай-ақ «Сконто», Латвия ұлттық құрамасы және Италияның «Сиена» клубын жаттықтырған. Футболшылық мансабында «Сконто», «Саутгемптон» және «Анортосис» командаларында өнер көрсеткен.
Маман Қазақстан футболымен де жақсы таныс. Қазіргі уақытта ол ФИФА-ның таланттарды дамыту бағдарламасы аясында ҚФФ-мен ынтымақтастық орнатып, Талғардағы академияның жұмысын қадағалайды және жас футболшыларды даярлауға халықаралық стандарттарды енгізуге атсалысады.
