Q Football

Нико Пас: «Комода Чемпиондар лигасында ойнау — бұл ғаламат сезім, біз тарихқа ендік»

Нико Пас: «Комода Чемпиондар лигасында ойнау — бұл ғаламат сезім, біз тарихқа ендік»

«Комоның» жартылай қорғаушысы Нико Пас QFootball тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында итальяндық клубтың Чемпиондар лигасындағы тарихи жеңісіне баға беріп, өз алаңындағы трибуналардың ерекше қуатын атап өтті және қазақстандық жанкүйерлерге сәлем жолдады.

— Нико, жеңіс құтты болсын! Бұл бүкіл «Комо» үшін шын мәнінде тарихи жетістік. Қазір көңіл-күйіңіз қалай, финалдық ысқырықтан кейін қандай сезімдесіз?

— Мен керемет бақыттымын. Бүгін біз тарих парағына өз атымызды жаздық деп ойлаймын. Дәл осында, Комода Чемпиондар лигасы деңгейінде өнер көрсету — айтып жеткізгісіз керемет сезім. Барлық жігіттер дән риза: біз тамаша матч өткіздік және бұл жеңісті күллі жанкүйерлерімізге арнаймыз.

— Дәл өз алаңдарыңызда ойнау қаншалықты маңызды болды? Мамыр айында еурокубок ойындарын «Сассуоло» стадионында өткізуге тура келеді деген әңгімелер болған еді, алайда Чемпиондар лигасының мерекесі ақыры Комоға да жетті.

— Қарсыластарды өз үйімізде қабылдау — біз үшін аса маңызды фактор. Жанкүйерлеріміз стадионда сөзбен айтып жеткізгісіз атмосфера қалыптастырады. Олардың трибунадағы қолдауы қанат бітіріп, жылдамырақ жүгіруге және бар күш-жігерімізді сарқа жұмсауға дем береді. Мұнда ойнау — нағыз бақыт, ғажап әсер. Біз алға қарай қадам басамыз.

— Қазақстандағы жанкүйерлеріңізге арнап екі ауыз сөз айтып өтсеңіз.

— Қазақстандағы барша жанкүйерлерге үлкен сәлем! Шынайы ықыластарыңыз бен қолдауларыңыз үшін мың алғыс!