Футболшының айтуынша, қарсыластың деңгейін ескерген команда матч тағдыры пенальтилер сериясында шешілуі мүмкін екенін алдын ала болжаған. Соған қарамастан алматылықтар өз алаңында және сан басымдығына ие бола отырып, ойынды негізгі уақытта аяқтауға тырысып, кездесуді өз бақылауында ұстады.
Широбоковтың сөзінше, кипрлік клуб қорғаныста табандылық танытып, пенальтилерге дейін шыдады. Ал шешуші сәтте қақпашы Темірлан Анарбеков командасын алға сүйреді.
«Олар пенальтилерге дейін шыдады. Ал сол жерде Темірлан Анарбеков бізді құтқарып қалды», — деді қорғаушы.
Сондай-ақ ол алаңдағы ойыншы басымдығы жеңіске кепіл болмайтынын айтты. Оның пікірінше, «Қайраттың» бірнеше қауіпті мүмкіндігі болғанымен, соңғы соққыда дәлдік жетіспеді. Бұған қоса қорғаушы жанкүйерлердің қолдауы команданың маңызды артықшылығы болғанын ерекше атап өтті.
Еске салсақ, ӘЧ іріктеу кезеңінің қарымта матчында «Қайрат» Эдмилсонның голының арқасында «Омонияны» 1:0 есебімен жеңді. Алғашқы кездесуде дәл осындай есеп тіркелгендіктен, жолдама иесі пенальтилер сериясында анықталды. Онда алматылық клуб 6:5 есебімен басым түсті.
Осы жеңістің арқасында «Қайрат» ӘЧ-нің үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алып, келесі айналымда Болгарияның «Левски» клубымен кездеседі. Сонымен қатар алматылық ұжым Қазақстанға биылғы маусымдағы еурокубоктардың негізгі кезеңіне қатысуды қамтамасыз етті.
