Q Football

Вакулко «Ордабасымен» қоштасуының мән-жайын ашып айтты

Вакулко «Ордабасымен» қоштасуының мән-жайын ашып айтты

Украиналық жартылай қорғаушы өзге клубтардың қызығушылық танытып жатқанын айтып, алдағы мансабына қатысты жоспарларымен бөлісті.

Шымкенттік клуб басшылығы команда құрамын түбегейлі дерлік жаңартуды көздеп отыр. Юрий Вакулконың айтуынша, қоштасу кезінде оған клубтың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтылып, жаңа команда табуға көмектесу ұсынылған.

«Маған атқарған жұмысым үшін алғыс айтып, жаңа команда табуға көмектесуді ұсынды. Командаға қосқан елеулі үлесімді атап өтіп, сәттілік тіледі. Жалпы, мұндай шешімді күткен едім, өйткені басшылық команда құрамын түгелге жуық өзгерткісі келеді», — деді футболшы.

Қазір украиналық ойыншыға Қазақстан мен көршілес елдердің клубтары қызығушылық танытып отыр. Алайда әзірге нақты ұсыныстар жоқ. Вакулко желтоқсан айында жағдай айқындала түседі деп күтеді.

«Мен үшін команданың маусымға қойған мақсаттарының жоғары болуы және бапкердің маған қызығушылық танытуы маңызды. Қалғанының аса мәні жоқ», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ жартылай қорғаушы 40 жасқа дейін жоғары деңгейде өнер көрсетуді мақсат етіп отырғанын жеткізді. Ол турнирлік кестенің жоғарғы бөлігіндегі клубтарда ойнап, еурокубоктарға қатысуды қалайды. Сонымен қатар Еуропаға қайта оралу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.