33 жастағы футболшы бапкердің бүкіл жаттықтырушылар штабымен бірге қызметінен кетуі ойыншылар үшін күтпеген жағдай болғанын айтты. «Оқжетпеспен» өткен соңғы матчқа команданы дубль құрамының бапкері дайындаған.
«Андрей Владимирович кеткен кезде, онымен бірге бүкіл жаттықтырушылар штабы да кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Мұның не себепті бұлай болғанын өзіміз де толық түсінбедік. Бірақ бұл басшылықтың шешімі еді. Сондықтан «Оқжетпеспен» соңғы матчты бас бапкерсіз өткіздік.
Ойынға дейін екі-ақ күн қалған болатын. Мен жаттықтырушылар штабы маусымның соңына дейін жұмыс істеп, содан кейін қызметінен кетеді деп ойладым. Алайда жағдай басқаша өрбіді. Бізге осы жағдайды қабылдауға тура келді», — деді Муртазаев «Футбол Жолы» YouTube-арнасына берген сұхбатында.
ҚПЛ-2026 қорытындысы бойынша «Елімай» 30 матчта 45 ұпай жинап, турнир кестесінде алтыншы орын алды. Команда 12 рет жеңіске жетіп, тоғыз рет тең ойнап, тоғыз кездесуде жеңілді.
Ал Роман Муртазаев чемпионаттың 27 матчына қатысып, 10 гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
