Q Football

«Ордабасы» «Байер» мен Нигерия құрамасының шабуылшысына қызығушылық танытты

«Ордабасы» «Байер» мен Нигерия құрамасының шабуылшысына қызығушылық танытты

Шымкенттік «Ордабасы» Леверкузеннің «Байер» клубы мен Нигерия құрамасының шабуылшысы Виктор Бонифейсті қатарына қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы AmanVIBE хабарлады

Дереккөз мәліметінше, шымкенттік команданың жаңа бас бапкері Карел Герартс футболшыны Қазақстанға шақырған.

Бұған дейін «Ордабасыны» бельгиялық маман жаттықтыратыны белгілі болған еді. Герартс «Юниондағы» жұмысымен танымал. Дәл осы клубта оның жетекшілігімен 25 жастағы Виктор Бонифейс жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бапкер мен шабуылшының арасындағы қарым-қатынас әлі де жақсы екені айтылады.

Нигериялық футболшы биылғы маусымда «Байер» сапында Бундеслиганың екі матчына ғана қатысқан. Қазіргі таңда ол команданың негізгі ойыншыларының қатарында емес. Еске салайық, өткен жылы Бонифейстің «Миланға» ауысуы медициналық тексерістен өте алмауына байланысты жүзеге аспады. Шабуылшының неміс клубымен келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды.

«Ордабасы» басшылығы футболшыны жазғы трансферлік кезеңде жалға алу немесе толық сатып алу нұсқаларын қарастырып жатыр. Дереккөздің хабарлауынша, шымкенттік клуб Чемпиондар лигасындағы ойындар басталғанға дейін құрамын күшейтуді көздейді.