Q Football

«Алтайдың» жаңа инвесторы кім? AN Groups компаниясы туралы не белгілі

«Алтайдың» жаңа инвесторы кім? AN Groups компаниясы туралы не белгілі

Журналист Елдар Аманбаевтың мәліметінше, Өскеменнің «Алтай» футбол клубы жеке инвестор тартты. Команданың жаңа ортақ иелерінің қатарына жергілікті құрылыс компаниясы — «AN Groups» ЖШС қосылған

AN Groups компаниясы туралы

Компания клуб құрылтайшыларының құрамына кіріп, командаға қаржылай қолдау көрсетеді. Алайда әзірге инвестиция көлемі мен инвестордың клубтағы үлесі жарияланған жоқ.

Компанияның негізгі қызмет бағыты — тұрғын үйлер салу. Басшысы — Дархан Шотабаев. AN Groups 1997 жылдың наурыз айында Өскеменде тіркелген. Осылайша құрылыс нарығында 29 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Кәсіпорында 51-ден 100 адамға дейін еңбек етеді. Соңғы жылдардағы салық төлемдері мынадай: 2022 жылы — 798,1 млн теңге, 2023 жылы — 777,8 млн, 2024 жылы — 1,002 млрд, ал 2025 жылы 2,08 млрд теңге. Компания қызмет еткен уақыт ішінде бюджетке аударған салықтарының жалпы көлемі 5,7 млрд теңгеден асқан. Салық берешегі жоқ.

AN Groups Астана, Семей және Өскемен қалаларында тұрғын үй құрылысымен де айналысады. Компанияның мәліметінше, жалпы құрылыс көлемі 700 мың шаршы метрден асады. Қазіргі жобаларының қатарында AINALAIYN, ASYLTAS және ASYLYM тұрғын үй кешендері бар.

Соның ішінде AINALAIYN тұрғын үй кешені Есенберлин көшесінде салынып жатыр. Жоба аясында комфорт санатындағы 140 пәтер бой көтереді. Екінші кезектің құрылысы 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқталуы жоспарланған. Бір шаршы метрдің бағасы 440–460 мың теңге аралығында.

NIAC аналитикалық сервисінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы компания Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік сатып алулардың жетекші жеткізушілері өңірлік тізілімінде бірінші орын алған.

«Алтай» жекеменшік инвестицияны қалай тартты?

2025 жылдың қарашасында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Алтай» клубын жекеменшік қолға беру мәселесі жан-жақты қарастырылып жатқанын, алайда сол кезде инвесторлардан ұсыныс түспегенін айтқан еді.

Желтоқсан айында клубтың алғашқы серіктесі «Қазцинк» болды. Ал қаңтарда облыс әкімі өңір кәсіпкерлерін команданы қаржылай қолдауға шақырды:

«Облыс кәсіпорындары мен жеке кәсіпкерлерді қаржылай көмек көрсетуге шақырамын».

«Дядя Ваня» Telegram-арнасының мәліметінше, «Алтайдың» 2026 жылғы маусымға арналған жалпы бюджеті 2,446 млрд теңгеге жеткен. Салыстыру үшін, «Каспий» шамамен 1,5 млрд теңге, «Ертіс» 1,655 млрд, ал «Оқжетпес» 2,1 млрд теңге жұмсаған.