— Стас, алдымен сізді Чемпиондар лигасы сынды мәртебелі турнирдегі дебютіңізбен құттықтаймыз. Қазір көкейде қандай басты сезімдер бар?
— Рақмет. Сезім бе… Алғашқы қадам сәтсіздеу болды. Дегенмен қорытынды есеп ойынымызды толық көрсетпейді деп санаймын. Алғашқы матч екенін және Симичтен басқасы түгелдей дебютант саналатын командамызды ескерсек, жаман көрінген жоқпыз. Екінші таймда кейбір сәттерде тіпті комбинация құрып ойнадық. Бұл бәріміз үшін «Олд Траффордтағы» әрі мұндай деңгейдегі алғашқы кездесу екенін ескерсек, лайықты өнер көрсеттік. Иә, соңғы нәтиже көңілді түсіреді, әрине, бірақ футболда мұндай жағдайлар болып тұрады.
— Қазір Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жүрген жалғыз қазақстандық футболшы екеніңіз бойыңызға қосымша жігер бере ме?
— Мақтаныш шығар, бәлкім. Қазақстанның намысын осындай деңгейде қорғап жүргенімді мақтан тұтамын. Елде де мен үшін мақтанады деп үміттенемін. Әрине, мұндай сезім бар.
— Жіберіп алған голдарға келер болсақ. Бұған алаң иелерінің қысымы қаншалықты әсер етті, әлде бәрі өз қателеріңіздің салдары ма?
— Меніңше, мәселе өзіміз жіберген жеке қателіктерде. Доптан айырылып қалып, қайта тартып алуға үлгермей жаттық — негізінен осындай қателіктерімізді пайдаланып кетті. «Манчестер» ғаламат бір комбинациялық ойын көрсетті деп айта алмаймын. Иә, мүмкін олар бар күшін салып ойнамаған да шығар, мұны түсінемін. Бірақ жіберілген голдардың бәрі өзіміздің олқылықтарымыздан болды.
— Алаңға капитандық белгімен шықтыңыз. Көшбасшы ретінде киім ауыстыратын бөлмеде командаластарыңызға бірдеңе айтып үлгердіңіз бе?
— Жоқ, мен бәрін ойынға дейін айтып қойғанмын. Бізде мынадай дәстүр бар: команданы капитан ретінде бастап шыққан ойыншы алаңға шығар алдында жігерлендіру сөзін сөйлейді. Ал ойыннан кейін барлығы да бәрін жақсы түсініп тұрды — ешкімге ештеңе түсіндірудің қажеті болмады.
— Келесі тур алдында біршама ашулырақ әрі қайсар боласыздар ма?
— Жүз пайыз. Әр матч сайын ойынымызды күшейте түсеміз. Әлеуетімізді және әлі де өсуге мүмкіндігіміз барын жұрттың бәрі байқады деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұдан да сабырлы әрі еркін ойнайтынымыз анық.
— QSport көрермендері мен қазақстандық жанкүйерлерге бір-екі ауыз сөз арнасаңыз.
— Қазақстан, қолдауларыңызға мың алғыс! Біз бұрынғыдан да мықты болып ораламыз. Рақмет!
