Q Football

«Қайсарда» Андрей Ферапонтовтың болашағына қатысты шешім қабылданды

«Қайсарда» Андрей Ферапонтовтың болашағына қатысты шешім қабылданды

«Қайсардың» басқарушы директоры Бақытжан Пазылхайыр команданың міндеттері туралы айтып, бас бапкер Андрей Ферапонтовқа сенім білдірді, клубтың басқарушы директоры Ферапонтовпен жеке сөйлескенін айтып, маусым соңына дейінгі негізгі міндеттерді жеткізгенін мәлімдеді.

Пазылхайырдың сөзінше, команда алдына екі басты мақсат қойылған: ҚПЛ-де лайықты нәтиже көрсету және Қазақстан Кубогының финалына шығу. Ол бұл талаптарды бапкерге ашық айтқанын жеткізді.

«Ең алдымен Ферапонтовпен сөйлестім. Негізгі міндет - ҚПЛ-де лайықты өнер көрсету және Қазақстан Кубогының финалына шығу. Оған: “Жыл соңына дейін бар күшіңді салып, жақсы нәтиже көрсету керек”, - дедім. Біз үшін жақсы нәтиже - чемпионат кестесінің орта тұсынан орын алып, Кубок финалына шығу», - деді Пазылхайыр.

Клуб басшысы ҚПЛ-дегі жоспарды да нақтылап өтті: «Қайсар» маусымды 7-8 орындар шамасында аяқтауды көздейді. Оның айтуынша, ең жоғары меже - 7-10 орын аралығында тұрақтау, ал ең төменгі міндет - Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу.

«ҚПЛ-де жетінші-оныншы орынға тұрақтауды мақсат етеміз. Бұл - ең жоғары меже. Ең төменгі міндет - Премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалу. Ферапонтов өз қызметінде қалады, оның жоспарларымен таныстым. Бапкерлер штабына сенімім бар», - деп толықтырды «Қайсар» басшысы.

ҚПЛ-дегі соңғы ойындардан кейін «Қайсар» 19 ұпаймен турнир кестесінде 10-орында тұр. Қызылордалықтар келесі кездесуін 26 шілдеде сырт алаңда семейлік «Елімайға» қарсы өткізеді.