Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Премьер-лиганың соңғы турында өскемендік «Алтаймен» (1:1) өткен үйдегі тең ойынды қорытындылап, шәкірттерінің гол соғатын мүмкіндіктерді жүзеге асыра алмағанын баса айтты.
Маманның сөзінше, команда ұпай үшін жан алысып, жан беріскен қарсыластың қорғанысқа жатып алатынын күткен әрі санаулы күндер ішінде ойын өрнегін қайта құруға тырысқан. Бапкер есепте басым болып тұрған кезде алматылықтар кездесу тағдырын шешіп тастауы тиіс болғанын, алайда қақпашымен бетпе-бет шыққан мүмкіндіктерді мүлт жіберіп, қарсыластың нәтижелі қарымта шабуылына тап болғанын, содан кейін қарсыласты тықсырып жеңіске жетуге уақыт жетпей қалғанын атап өтті.
Кездесудегі есепті 55-минутта айып соққысын сәтті орындаған Яакко Оксанен ашқанымен, ойын соңына таман Елисей Горшунов таразы басын теңестіріп кетті. 30 турдың қорытындысы бойынша «Қайрат» 65 ұпай жинап, ел чемпионатын күміс жүлдемен аяқтады.
