«Ақтөбе» мен Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Темірлан Ерланов Премьер-лиганың бірнеше клубының назарына ілікті, алайда тәжірибелі футболшыға басты үміткер ретінде қостанайлық «Тобыл» шығып отыр. ASnews.kz басылымының мәліметінше, сары-жасылдардың басшылығы ойыншыға нақты келісімшартпен шығып үлгерген әрі орталық қорғаушы алдағы маусымды Қостанайда өткізеді деп күтілуде.
33 жастағы қорғаушы өткен маусымда өз амплуасы үшін таңғаларлық нәтиже көрсетіп, «ақ-қызылдар» сапында барлық турнирлерде өткізген 28 кездесуде алты гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Қазақстан құрамасында 23 ойын өткізіп, екі доп соққан тәжірибелі ойыншының нарықтағы бағасы қазіргі уақытта 450 мың еуроға бағаланып отыр.
