Q Football

Руслан Эсатов: «Бюджет пен мүмкіндіктер шектеулі болса да, алдымызға жоғары мақсаттар қойылады»

Руслан Эсатов: «Бюджет пен мүмкіндіктер шектеулі болса да, алдымызға жоғары мақсаттар қойылады»
Руслан Эсатов (с) KazFootball

«Каспийдің» бас бапкері QFootball-ға берген эксклюзивті сұхбатында маусымды қорытындылап, Премьер-лиганың үздік дриблинг шеберлерінің бірі туралы пікір білдірді және команданың алдағы амбициялық мақсаттарына тоқталды.

Руслан Сайцалиұлы, «Каспий» Бірінші лигада үш жыл өнер көрсеткеннен кейін Премьер-лигаға оралды. Жоғары дивизионға қайта көтерілгеннен кейінгі алғашқы маусымды қалай бағалайсыз?

– Біздің алдымызға турнирлік кестенің орта тұсынан орын алу міндеті қойылды. Біз бұл мақсатты орындадық.

Сіз клубқа тамыз айында оралдыңыз, бірақ команданың Премьер-лигадағы алғашқы ойындарынан бастап өнерін бақылаған боларсыз. «Каспий» үшін маусымның басы қиын болды, алғашқы жеңісті екі ай күтуге тура келді. Командаға ҚПЛ-дегі алғашқы кезең неге ауыр тиді және мамыр айынан бері қандай өзгерістер байқадыңыз?

– Иә, маусым басталғаннан бері команданың ойындарын бақылап, жанкүйер болдым. Ерлан Дарханұлы Шойтымов келгеннен кейін жаттығу процесінде де, психологиялық тұрғыдан да үлкен жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде команданың көрсеткіштері жақсарды. Одан кейін трансферлік жұмыс дұрыс жүргізілді. Осының барлығы маусымға қойылған мақсатты орындауға мүмкіндік берді.

Тамыз айында Ақтауға қайта оралуыңыз туралы айтып берсеңіз. Бұл қалай жүзеге асты? Келіссөздер қалай өтті?

– «Тараздан» кеткеннен кейін бар уақытымды UEFA PRO санатындағы бапкерлік лицензияны алуға арналған оқуға арнадым. Оқу барысында Премьер-лига клубтарының бірінен ұсыныс түсті, бірақ команда менің оқуымды аяқтағанымды күте алмады. Тамыз айында оқуымды аяқтаған соң, Ерлан Дарханұлының бапкерлер штабына қосылу туралы ұсыныс алдым. Мен келісім бердім. Үш матчта көмекші бапкер болып жұмыс істедім, содан кейін команданы басқару туралы ұсыныс түсті.

Қайтып келгеннен кейін команданың ойынына қандай өзгерістер енгіздіңіз? Маусымның соңында Премьер-лигадағы орынды сақтап қалу үшін күреспей, бұл мәселені алдын ала шешуге қалай қол жеткіздіңіздер?

– Мен келгенге дейін команданың жұмысы жақсы жолға қойылған болатын. Тағы да қайталап айтамын, алдыңғы бапкерлер штабы орасан зор әрі нәтижелі жұмыс атқарды. Сондықтан біздің міндетіміз қол жеткізілген нәтижені сақтап қалу және мүмкіндік болса, оны жақсарту болды.

Ойын стиліне тоқталсақ. «Каспий» допқа иелік ету көрсеткіші бойынша лигада 12-орында тұр (46%). Команда саналы түрде екінші нөмірмен ойнау тактикасын таңдады ма?

– Барлық матчта екінші нөмірмен ойнауды жоспарлаған жоқпыз. Барлығы қарсыласымызға байланысты болды. Ең бастысы, біз алаңдағы кеңістікті бергенімізбен, ойын тізгінін қарсыласқа ұстатқан жоқпыз.

Биыл командада айқын көзге түскен сұрмерген болған жоқ. Үздік бомбардир Ноа Ндомбаси алты гол соғып, бұл көрсеткіш бойынша ҚПЛ-де 21-орын алды. Премьер-лигада 32 гол соққан «Каспий» үшін бір ғана ойыншыға тәуелді болмау күшті жағы ма, әлде айқын гол соғатын шабуылшының жоқтығы әлсіз тұсы ма?

– Біздің командада айқын сұрмерген жоқ, өйткені тұрақты түрде гол соғатын футболшы — сирек кездесетін әрі қымбат ойыншы. Қазір мұндай футболшыны сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Дегенмен мұның жақсы жағы да бар: шабуылда бір ғана ойыншыға тәуелді болған жоқпыз.

Сонымен қатар Ндомбаси — лигадағы дриблинг бойынша көшбасшы (189 әрекеттің 90-ы сәтті). Ноаның команда ойынына қосқан үлесін қалай бағалайсыз? Маусымаралық кезеңдегі басты мақсаттардың бірі француз футболшысын сақтап қалу ма?

– Иә, Ндомбасидің мықты қасиеттері бар, соның бірі — дриблинг. Тиісті жұмыс жүргізілсе, оның үлкен клубтарда ойнауға әлеуеті өте жоғары. Кез келген бапкер өз командасында осындай футболшының болғанын қалайды.

Алдағы бірнеше айда, көктемге дейін команда алдына қандай мақсаттар қойылады?

– Келесі жылға арналған міндеттер туралы клуб басшылығымен әлі сөйлескен жоқпыз. Бірақ бір нәрсені нақты білемін: біздің басшылық әрқашан жоғары нәтижеге ұмтылады. Бюджет пен мүмкіндіктер шектеулі болса да, алдымызға амбициялық мақсаттар, соның ішінде еурокубоктарға жолдама алу міндеті қойылады.

Трансферлік мақсаттар анықталды ма?

– Ең бірінші міндет — «Каспийдің» қазіргі құрамындағы футболшыларды сақтап қалу. Содан кейін кейбір позицияларды күшейту жұмыстарымен айналысамыз.