Клуб басшылығы кейбір ақпарат көздерінде «Ақтөбенің» бірқатар ойыншы мен жаттықтырушылар штабы өкілдері алдында қарызы бар екені туралы мәліметтердің таралуына байланысты ресми түсініктеме беруді жөн көргенін мәлімдеді.
«Ақтөбе» қазіргі уақытта қалыпты жұмыс режимінде екенін атап өтті. Клубтың хабарлауынша, жарияланымдарда сөз болған агенттік келісімдерге қазір заңдық тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл құжаттарға бұрын клубтың басқарма төрағасы болған А. Оспанов қол қойған. Енді олардың Қазақстан заңнамасы мен FIFA-ның нормативтік құжаттарына сәйкестігі қарастырылуда.
Клуб тексеру нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылдайтынын хабарлады.
«Тексеру қорытындысы бойынша аталған келісімдердің заңдылығы расталған жағдайда, барлық қарастырылған төлем толық көлемде жүзеге асырылады. Ал заң бұзушылықтар анықталса, клуб тиісті қаражатты А. Оспановтан сот тәртібімен өндіріп алуды көздеп отыр», — делінген клубтың хабарламасында.
