«Команданы тек бүгін ғана емес, маусым бойы қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олардың алдында ұяттымыз, сол үшін кешірім сұраймыз», - деді Карпов.
Оның айтуынша, команда қарсыластың деңгейін жақсы түсінген. «Ойынға келсек, біз «Ордабасының» қаншалықты мықты екенін білдік. Олар алтын дубльді әбден лайықты түрде рәсімдеді. Бүгінгі матчтың финал, шешуші ойын екенін түсіндік және оның маңызын да сезіндік. Мұнда тек тактика мен физика емес, психология да үлкен рөл атқарады», - деп атап өтті бапкер.
Карпов «Қайсардың» ҚПЛ-ден түсіп қалуы командаға психологиялық тұрғыда ауыр тигенін де жасырмады: «ҚПЛ-ден ұшып қалуымыз ауыр психологиялық соққы болды. Біз бұл мәселені еңсеруге тырыстық, бірақ қолымыздан келмеді. «Ордабасы» командасын бүгінгі жеңісімен құттықтаймын».
Сондай-ақ ол финалда Виктор Мозестің неге ойнамағанын түсіндірді. «Таңертеңнен бастап Виктор Мозес өзін жайсыз сезінді. Сондықтан ол бүгінгі ойынға қатыса алмайтынын айтты», - деп қосты Карпов.
Еске салайық, Қазақстан кубогының финалында қызылордалық «қасқырлар» «Ордабасыдан» 1:4 есебімен ірі жеңілді. Виктор Мозес ойынға шақырылған футболшылар тізімінде болғанымен, алаңға шықпады және марапаттау рәсімінде де көрінбеді.
«Қайсардың» Қазақстан Премьер-Лигасынан түсіп қалуына байланысты клуб Бірінші лигада легионерлерге қойылатын лимитке сай барлық шетелдік ойыншыларымен қоштасуға мәжбүр болады.
