Парақшада қуанышқа бөленген «Ордабасы» ойыншыларының суреті бар мерекелік жазба жарияланды. Суретте команда капитаны чемпиондық кубокты басынан асыра көтеріп тұр. 433 жазбаның астында шымкенттіктер Қазақстан чемпионы атанып, келесі маусымда УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайтынын жазды.
Жазба қолданушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қарау сәтінде ол 291 мыңнан астам лайк жинап, он мыңнан аса пікірге ие болған.
Жарияланымға «Ордабасының» ресми аккаунты да үн қатып, Қазақстан туы мен от эмодзиі бар пікір қалдырды.
Шымкенттіктер «Қайрат» пен «Ақтөбе» тең ойнағаннан кейін (2:2) тарихындағы екінші чемпиондықты мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. ҚПЛ мәресіне бір тур қалғанда «Ордабасының» есебінде 68 ұпай бар, бұл алматылықтардан төрт ұпайға артық.
