«Оқжетпес» өз алаңында «Жеңісті» 3:1 есебімен жеңді. 23-минутта Иван Шараванья өз қақпасына гол соғып алды. Екінші таймда Дмитрий Бородин пенальтиді сәтті орындаса, Тоқтар Жаңғылышбай алаң иелерінің үшінші голын соқты. Кездесу соңында Адилио Дос Сантос бір голмен жауап қайтарды.
Турдың орталық матчы елордада өтіп, «Астана» «Қайратты» минималды есеппен жеңді — 1:0. 11-минутта алматылықтар Әділет Садыбековтың алаңнан қуылуынан кейін он ойыншымен қалды. Үш минуттан соң Карло Бартолецтің пасынан кейін Рамазан Кәрімов кездесудегі жалғыз голды соқты. «Астана» басымдығын финалдық ысқырыққа дейін сақтап қалды, ал «Қайрат» қатарынан екінші рет жеңілді.
«Ордабасы» жақын қарсыласының ұпай жоғалтқанын тиімді пайдаланып, сырт алаңда «Атырауды» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Үш голдың да авторы Берн Йонсен атанды. Ол 20, 54 және 90+2-минуттарда мергендік танытты.
«Елімай» сырт алаңда «Тобылды» 2:0 есебімен жеңді. 16-минутта Фессу Плакка пенальтиден есеп ашса, 40-минутта Айбар Жақсылықов семейліктердің басымдығын арттырды. Екінші таймда есеп өзгерген жоқ.
«Ертіс» сырт алаңда «Алтайдан» 2:1 есебімен басым түсті. Юши Шимамура 7-минутта павлодарлықтарды алға шығарды, ал 34-минутта Елисей Горшуновтың пасынан кейін Сэйф Попов есепті теңестірді. 44-минутта Руслан Юденков қонақтарды қайтадан алға шығарды. 70-минутта Саги Маликайдар алаңнан қуылып, «Ертіс» он ойыншымен қалғанымен, жеңісті есепті сақтап қалды.
«Каспий» Талдықорғанда «Жетісуды» минималды есеппен жеңді — 1:0. Кездесудегі жалғыз голды 61-минутта Владислав Климович соғып, ақтаулықтарға үш ұпай әкелді. «Жетісу» осымен қатарынан екінші рет жеңіліске ұшырады.
«Қызылжар» мен «Қайсар» 1:1 есебімен тең түсті. 23-минутта Стефан Букорац өз қақпасына гол соғып алып, алаң иелері алға шықты. «Қызылжар» бұл басымдықты матчтың соңына дейін сақтауға жақын болды, алайда 85-минутта Агостиньо Азеведо есепті теңестіріп, қызылордалықтарды жеңілістен құтқарды.
Тағы бір тең нәтиже Ақтөбеде тіркелді. «Ақтөбе» мен «Ұлытау» 2:2 есебімен тең түсті. Артур Шушеначев 17-минутта есеп ашты, алайда үзіліске дейін Бақдәулет Зүлфиқаров 24 және 43-минуттарда дубль жасады. Екі голға да Котаро Киши нәтижелі пас берді. «Ұлытау» жеңіске жақын болғанымен, 90+5-минутта Темірлан Ерланов есепті теңестірді.
Турнирлік кесте: 1. «Ордабасы» — 61 ұпай, 2. «Қайрат» — 57, 3. «Астана» — 48. Толық кесте осында.
Сұрмергендер: 1. Йонсен — 11 гол, 2. Милованович — 11, 3. Томасов — 10. Толық тізім осында.
Ассистенттер: 1. Исламхан — 9 ассист, 2. Васильев — 8, 3. Тағыберген — 7. Толық тізім осында.
