Ойынның басы қос команда үшін де сақ басталды. Уақыт өте Англия шабуылдағы мүмкіндіктерін көбейтсе, Испания допты көбірек бақылап, фланг арқылы жол іздеді. Бұл тұста Ламин Ямаль белсенділігімен көзге түсті.
20-минутта Испанияның бас бапкері Луис де ла Фуэнте мәжбүрлі ауыстыру жасады: Марк Пубильдің орнына Педро Порро шықты. Көп ұзамай Деклан Райс ереже бұзғаны үшін сары қағаз алды.
Үзіліс алдында Англия есеп ашуға мүмкіндік тапты. Гарри Кейн Пау Кубарсидің ереже бұзуынан кейін пенальтиге себепкер болды да, 45-минутта өзі 11 метрлік соққыны дәл орындап, қонақтарды алға шығарды - 0:1.
Екінші таймда ағылшындар қарқынын күшейтіп, басымдығын тез ұлғайтты. 53-минутта Эзри Конса стандарт кезінде сәтті қосылып, Деклан Райстың бұрыштамадан асырған добын баспен Унаи Симон қақпасына бағыттады. Ал 57-минутта Джуд Беллингем ұйымдастырған шабуылдың соңын Бен Уайт түйіндеп, есепті 0:3-ке жеткізді.
Дегенмен Испания берілмеді. 63-минутта жағдай күрт өзгерді: Эллиот Андерсон қауіпті аймаққа ұмтылған Ламин Ямальға қарсы фол жасап, бірден қызыл қағаз алды. Төреші сонымен қатар Англия қақпасына пенальти белгіледі. 65-минутта Микель Оярсабаль 11 метрден мүлт кетпей, айырманы қысқартты - 1:3.
Сан басымдығын алған алаң иелері қысымды үдете түсті. 75-минутта Ламин Ямаль Нико Вильямсқа пас шығарып, Вильямс Джеймс Траффорд қақпасына дәл соққымен жауап берді - 2:3. Осы голдан кейін матчтағы интрига қайта жанданды.
Кездесудің соңғы минуттарында Испания шешуші штурм жасауға тырысты. Англия қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, алаң иелерінің толассыз шабуылына төтеп берді. Қысымға қарамастан, Томас Тухельдің командасы финалдық ысқырыққа дейін минимал басымдығын сақтап қалды.
Осылайша Англия 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтиже Испанияның 43 матчқа созылған жеңілмейтін сериясын тоқтатты және ағылшындарға топтық кезеңді бірінші орынмен аяқтауға мүмкіндік берді. Екі құрама да 15 ұпайдан жинады, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша Англия алға шықты.
Испания - Англия 2:3
Голдар: Оярсабаль, 65 (пенальти), Вильямс, 75 - Кейн, 45 (пенальти), Конса, 53, Уайт, 57
Испания: Симон - Пубиль (Порро, 20), Кубарси (Гюйсен, 46), Лапорт, Кукурелья - Субименди (Вильямс, 72), Руис (Лопес, 46) - Мерино (Педри, 46) - Ямаль, Оярсабаль, Баэна
Англия: Траффорд - Уайт (Берн, 89), Конса, Кванса, Голл - Андерсон, Райс - Беллингем (Спенс, 83) - Роджерс, Кейн (Льюис-Скелли, 78), Гордон (Калверт-Льюин, 83)
Ескертулер: Кукурелья, Ямаль, Баэна - Райс, Спенс
Алаңнан қуылу: Андерсон, 59 минут
