УЕФА Ұлттар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы ширек финал кезеңінің жеребесі тартылып, оның қорытындысы бойынша турнирдің жартылай финалына шығуға үміткерлердің төрт жұбы да анықталды. Бұл туралы Sports.kz порталы хабарлайды.
Раундтың басты кездесуі Испания мен Франция құрамалары арасындағы текетірес болмақ. Ұлттар лигасының қазіргі жеңімпазы Португалия құрамасы келесі кезеңге жолдама алу үшін Нидерланд құрамасымен таласады. Қалған екі жұпта Норвегия құрамасы Англия құрамасымен кездеседі, ал Бельгия құрамасы Германияға қарсы ойнайды.
Әр жұптағы жеңімпаз екі матчтың қорытындысы бойынша анықталады. А лигасындағы өз топтарында бірінші орын алған Франция, Англия, Португалия және Германия құрамалары қарымта кездесулерді өз алаңында өткізу басымдығына ие болды. Ширек финалдың алғашқы матчтары 2027 жылғы 25–27 наурыз аралығында өтеді, ал қарымта ойындар 28–30 наурыз аралығында болады.
