Q Football

Дамир Исмагулов Исламбек Қуат пен Қуат Хамитов арасындағы жанжалдың мән-жайын айтты

Дамир Исмагулов Исламбек Қуат пен Қуат Хамитов арасындағы жанжалдың мән-жайын айтты

ММА жауынгері Дамир Исмагулов Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Исламбек Қуаттың Қуат Хамитовпен жеке кездесуге дайын болғанын айтты.

Исмагуловтың айтуынша, футболшы қазақстандық ойыншыларды жиі сынаған Хамитовтың кезекті мәлімдемесінен кейін одан қарсыласының телефон нөмірін сұраған. Жартылай қорғаушы кәсіби файтермен төбелесудің қиын болатынын түсінсе де, «жекпе-жекке шығуға» дайын екенін жеткізген.

Оның сөзінше, нөмірді алғаннан кейін Исламбек Хамитовқа қоңырау шалған. Алайда телефонды бұл кезде ММА өкілі Нұрберген Шәріпов көтерген. Кейін Хамитов Исмагуловқа Қуаттың өзіне тікелей хабарласқан жалғыз футболшы болғанын және жеңіліп қалуы мүмкін екенін біле тұра сөзге жауап беруге дайын болғанын айтқан.

Исламбек Қуат 2022 жылдың маусымында Хамитовпен телефон арқылы сөйлескенін растағанымен, сол кезде оны жекпе-жекке шақырғаны туралы айтпаған еді. Өз кезегінде Хамитов та бұған дейін футболшымен октагонда кездесуге қарсы емес екенін мәлімдеген.