«Жоқ, мен үшін сұрмергендер жарысы әлі аяқталған жоқ. Қарсыластарымды құрметтеймін. Нидерландта да осындай жағдайды бастан өткергенмін. Маусымның соңғы күні нағыз дүрбелеңге айналуы мүмкін. Бір ойыншының өзі үш-төрт гол соғуы әбден ықтимал. Сондықтан мен бұл туралы ойламай, ойынымды жалғастыра беремін. Мақсатым — командаға көмектесу. Соңғы ойындарда үш голдан екі рет қатарынан соғу мүмкіндігі туды. Бұған қуаныштымын, бірақ шабуылшы ретінде бұл — менің тікелей міндетім», — деді футболшы.
Егер Йонсен сұрмергендер көшін сақтап қалса, Қазақстан чемпионаты тарихында бір маусымда 20-дан аз матч өткізіп, үздік сұрмерген атанған алғашқы ойыншы болады.
«Бұл рекорд туралы осы аптада ғана баспасөзден білдім. Қазақстанға келгенге дейін бұл жайында білмеппін. Мұндай статистика, әрине, қуантады. Бірақ мен әдетте осындай көрсеткіштерді алдын ала бақылап жүрмеймін. Алаңда өз ісіңді атқарып жүргенде, бәрі өздігінен белгілі болады. Меніңше, футболда ғана емес, жалпы спортта да рекорд орнату — әрқайсымыздың арманымыз. Бұл мен үшін мақтанышқа айналар еді. Сол мақсатқа жете аламын деп үміттенемін», — деді норвегиялық шабуылшы AS News YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Қазір Бьорн Йонсеннің еншісінде 16 матчта соғылған 14 гол бар.
Қазақстан чемпионатында бір маусымда соғылған гол саны бойынша рекорд Арсен Тлехуговқа тиесілі. Ол 2001 жылы 30 гол соққан.
