Q Football

Жоао Невеш — ірі жеңіс, голы және «ПСЖ» амбициялары туралы

Жоао Невеш — ірі жеңіс, голы және «ПСЖ» амбициялары туралы

Франциялық клубтың жартылай қорғаушысы эксклюзивті сұхбатында матч қорытындысын шығарып, соққан голынан алған әсерімен бөлісті. Сондай-ақ ол ірі есепке қарамастан, команданың не себепті шабуылын жалғастыра беретінін түсіндірді.

Жеңіс құтты болсын! Сырт көзге матч аса қиын болмағандай көрінді. Шын мәнінде, ойын осылай өтті ме?

Ең алдымен, Хесус де Мигельдің отбасына, командасына және жақындарына көңіл айтқым келеді. Бұл — футбол әлемі үшін өте қайғылы жағдай. Өз атымнан және бүкіл командамыздың атынан көңіл айтамын.

Матчқа келер болсақ, ойын аяқталғаннан кейін бәрі біз үшін оңай болды деген ой қалыптасуы мүмкін. Бірақ олай емес. Біз өте жақсы ойын көрсетіп, қарсыласымыздың қателіктерін тиімді пайдаландық. Чемпиондар лигасында бәрі осылай: қателік жіберсең, оны пайдалануға дайын команда әрдайым табылады. Бүгін біз дәл солай жасадық.

Есепте ірі басымдыққа ие болғанымызға қарамастан, 4:0-ден кейін допты жиі жоғалта бастадық, кейбір сәттерде ойынымыз жүрмеді. Дегенмен матч соңына дейін доппен де, допсыз да қарсыласымыздан басым болдық.

Бұл кездесуде есеп аштың. Бұл гол сен үшін қаншалықты маңызды?

Ешқандай ерекше мәні жоқ. Меніңше, бұл — сәтті пайдаланып, қуанып, әрі қарай жұмыс істеу керек болатын сәттердің бірі. Бүгін есепті мен аштым, бірақ мұны басқа ойыншы да жасай алар еді.

Жоғарыда айтқанымдай, біз алға жылжып, әр матчта жеңіске жетуге тырысуымыз керек. 1:0, 2:0 немесе бүгінгідей ірі есеппен жеңсек те, бастысы — жеңіске жету. Меніңше, команда осылайша жеңістерге жақындай түседі.

Команда тоқтағысы келмей, алты, жеті, тіпті он гол соғуға ұмтылғандай көрінді. Сіздерге шабуылды жалғастыруға соншалықты күш пен жігер қайдан келеді?

«Пари Сен-Жерменде» ешкім тоқтап қалмайды. Егер тоқтасаң, негізгі құрамдағы орныңнан айырылуың мүмкін. Сондықтан гол соғуды жалғастырған дұрыс.

Бұл тек жеңіске жеткен матчтарға қатысты емес. Тіпті жеңіліп жатсақ та, сол жігерді, зейінді және қарқынды сақтауымыз керек. Меніңше, нағыз команда осылай қалыптасады.