Q Football

«Елімай» сырт алаңда «Тобылды» сенімді жеңді

«Елімай» сырт алаңда «Тобылды» сенімді жеңді

Семейлік клуб Қазақстан чемпионатының 27-туры аясында Қостанайда жеңіске жетті. Андрей Карпович командасы матч тағдырын үзіліске дейін-ақ шешіп, жауапсыз екі гол соқты — 2:0.

Есеп 16-минутта ашылды. Фессу Плакка өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, қонақтарды алға шығарды. Үзіліске аз уақыт қалғанда «Елімайдың» басымдығын Айбар Жақсылықов арттырды. Ол 40-минутта мергендік танытты.

Екінші таймда «Тобыл» ойынға қайта оралуға тырысқанымен, семейліктер басымдығын сақтап қалды. Сонымен қатар «Елімай» ҚПЛ-дегі соңғы төрт матчта алғаш рет қақпасына гол жібермеді.

Бұл жеңістің «Елімай» үшін турнирлік маңызы зор болды. Матч алдында команда 24 ойыннан кейін 35 ұпаймен алтыншы орында тұрса, «Тобыл» 25 кездесуден соң 34 ұпай жинап, бір саты төмен орналасқан еді.

«Тобыл» үшін бұл жеңіліс өткен турдағы «Қайратты» 4:1 есебімен ұтқаннан кейін ерекше сәтсіз нәтиже болды. Ал «Елімай» қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді: бұған дейін семейліктер «Жетісуды» 2:1 есебімен жеңген болатын.