Ұлттар лигасының төртінші турында Қазақстан мен Фарер аралдары құрамаларының тең түсуі (2:2) қонақтар елінің баспасөзін қынжылтты. Жергілікті Roysni.fo сайты кездесудің алғашқы бір сағатын өте сапалы ойын деп бағалап, жекелеген кезеңдерде аралдықтардың қарсыластан толық басым түскенін атап өтті.
«Бір сағатқа жуық тамаша ойын көрсеттік, бірақ жеке қателіктер Қазақстандағы жеңістен айырды. Петур Кнудсен баспен әдемі соққы жасап гол соқса, Геза Тури нағыз шедевр жасады», — делінген мақалада.
Басылым қорғаушының қызыл қағаз алуын ойынның бетбұрыс сәті деп атайды. «Мартин Агнарссон қажетсіз екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды да, алаң иелерінің үміті оянды. Әсіресе есепті 2:2-ге жеткізген голдың мүлде болмауға тиіс екені өкінішті», — деп жазады портал.
Авторлардың айтуынша, халықаралық деңгейде қателік үшін жаза лезде келеді. «Бәрі осылай тез өзгеруі мүмкін. Тіпті сол сәтте Фарер аралдары алаң иелерінен анағұрлым жақсы ойнап тұрған Қазақстанда да», — деп түйіндейді сайт.
Төрт турдан кейін Фарер аралдары құрамасында төрт ұпай, Қазақстанда екі ұпай бар.
