
Төрт жылдық даму және бір маусымдағы 700-ге жуық матч
Freedom QJ League құрылған уақыттан бері ауқымы жағынан айтарлықтай өсті. Алғашында тек U-18 санатындағы бір турнирден басталған жоба бүгінде төрт жас ерекшелігі бойынша жарыстарды біріктіріп отыр.
2026 жылғы маусымда лигаға 66 команда қатысты. Алаңға шыққан жас футболшылардың жалпы саны 2 мыңға жуықтаса, өткізілген кездесулер саны 700-ге таяды. Осылайша, жоба жасөспірімдер футболындағы ауқымды жүйеге айналып, ойыншылармен қатар бапкерлерді, медициналық қызметкерлерді, төрешілерді және клуб мамандарын да бір арнаға тоғыстырды.
Марапаттау рәсімінде жобаның алдағы даму жоспары туралы Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры әрі Freedom QJ League Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов пен лига президенті Рохус Шох өз ойларын ортаға салды.
Тимур Турлов келесі маусымның жоба үшін ерекше болатынын атап өтті. Себебі 2027 жылы Freedom QJ League бес жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның айтуынша, лига алдағы уақытта да дамуын жалғастырып, қазақстандық футболдың болашағына инвестиция салуды көздейді.
Ал Рохус Шох жобаның қалыптасуына қолдау көрсеткен серіктестерге алғыс білдіріп, Тимур Турловтың еңбегіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ ол мұндай марапаттау рәсімдерінің жас ойыншылар үшін маңызын атап өтті. Президенттің пікірінше, маусым бойы үздік өнер көрсеткен әрбір үміткер осындай құрметке лайық.

«Қайрат» тағы да чемпион, Орынбасар — маусымның басты жұлдызы
Маусымның басты спорттық нәтижелерінің бірі — «Қайрат» U-18 командасының кезекті чемпиондығы. Алматының клубы Freedom QJ League-дің басты турнирінде төртінші жыл қатарынан алтын медаль жеңіп алып, көшбасшылық орнын тағы бір мәрте дәлелдеді.
2026 жылғы маусымда команда чемпиондықты аяқталуға үш тур қалғанда мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Одан бөлек, «Қайрат» қатарынан үшінші жыл турнирді бірде-бір жеңіліссіз аяқтады. Осы нәтижесінің арқасында алматылық ұжым келесі маусымда да Қазақстан намысын УЕФА Жастар лигасында қорғайды.
Жеке марапаттар арасында ең жоғары көрсеткішке «Қайрат» шабуылшысы Дәулет Орынбасар қол жеткізді. Ол бірден екі беделді аталымда жеңімпаз атанып, маусымның үздік ойыншысы әрі үздік сұрмергені болды.
Футболшының басты жетістігі — U-18 санатындағы соңғы екі маусымда соққан 40 голы. Бұл — Freedom QJ League тарихындағы абсолютті рекорд. Сонымен қатар Орынбасар екінші жыл қатарынан чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Оның көрсеткіші бұған дейінгі MVP иегерлері Глеб Макридов пен Дастан Сәтпаевтың нәтижелерінен асып түсті.
Changan MVP of the Season марапаты шабуылшыға тек кезекті жүлде ғана емес, жаңа мүмкіндік те сыйлады. Қазақстандағы Changan брендінің ресми дистрибьюторы, «Астана Моторс» құрамына кіретін компанияның қолдауымен Орынбасар шетелдік клубтардың бірінде тағылымдамадан өтеді. Былтыр осындай мүмкіндікке Глеб Макридов ие болып, мадридтік «Атлетико» сапында бір апталық оқу-жаттығу жиынына қатысқан еді.

105 сейв, екі чемпиондық және жеңімпаздардың ерекше тарихы
Биылғы маусымда жеке жетістіктерімен көзге түскен жас футболшылар аз болған жоқ.
Маусымның үздік қақпашысы атағы «Тобыл» өкілі Даниил Нұржановқа бұйырды. Ол чемпионат барысында 105 сейв жасап, турнир қақпашылары арасындағы үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бір қызығы, Нұржанов футболдағы алғашқы он жылға жуық уақытын шабуылшы ретінде өткізген. Тек 2025 жылы ғана қақпашы позициясына ауысқан.
Үздік жартылай қорғаушы аталымында «Шахтер» ойыншысы Расул Акимов жеңімпаз атанды. Футболға толықтай ден қоймас бұрын ол футзалмен және таэквондомен айналысқан.
Ал «Қайраттың» 16 жастағы қорғаушысы Әлихан Әбді бір маусымда екі жас санатында чемпион атанып, ерекше жетістікке жетті. Ол 2026 жылы U-18 және U-17 турнирлерінде топ жарды.
Үздік бапкер марапаты «Тобыл» U-15 командасын күміс жүлдеге жеткізген Игорь Бугаевқа табысталды. Оның футболшы ретіндегі мансабында да қызықты дерек бар. Бугаев Молдова ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, бір кездері Қазақстанға қарсы кездесуде жеңіс голын соққан.

Маусымның символикалық құрамасы
Ұйымдастырушылар 2026 жылғы чемпионаттың қорытындысы бойынша Freedom QJ League-дің символикалық құрамасына енген 11 футболшыны да анықтады. Үздік ойыншылар қатарына бес клубтың өкілдері кірді.
Қақпашы позициясында «Тобыл» клубының ойыншысы Даниил Нұржанов таңдалды. Қорғаныс шебіне оның командаласы Руслан Жетенов, «Қайрат» өкілі Әлихан Әбді және «Шахтер» футболшысы Мейірлан Балтабаев енді.
Алаң ортасында «Қайрат» сапынан Мансұр Авасханов пен «Ақтөбе» ойыншысы Ибрахим Бауыржановқа орын берілді. Сондай-ақ бұл шепте «Шахтердің» екі бірдей өкілі — Расул Акимов пен Жәнібек Жайлаубек бар.
Шабуыл шебінде «Ордабасы» ойыншысы Әділбек Тұрдах, «Ақтөбе» өкілі Аян Аманжұлов және «Қайрат» шабуылшысы Дәулет Орынбасар өнер көрсетеді.
Осылайша, символикалық құрамаға жеке марапаттарға ие болған футболшылармен қатар, өз командаларының нәтижесіне елеулі үлес қосқан басқа да үздік ойыншылар енді.
Александр Убыкинді еске алу және ұрпақтар сабақтастығы
Марапаттау рәсімі тек осы маусымның жетістіктерін атап өтумен шектелген жоқ. Кеш барысында қазақстандық спорттың дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін ұлықтауға да ерекше мән берілді.
Рәсімнің әсерлі сәттерінің бірі — жақында дүниеден өткен Александр Убыкинді бір минут үнсіздікпен еске алу болды. Оның есімі Freedom QJ League-дегі маусымның үздік қақпашысына берілетін жүлдеге берілген. Биыл бұл марапатты Даниил Нұржанов иеленді.
Жалпы, лигадағы жеке номинациялардың басым бөлігі отандық спорт тарихында өзіндік орны бар футболшылар мен мамандардың құрметіне аталған. Олардың қатарында Бақтияр Зайнутдинов, Эдуард Сон, Евгений Яровенко, Антон Шох, Александр Убыкин, Евстафий Пехлеваниди, Георгий Хутиди, Асхат Тағыберген, Игорь Шацкий, Александр Кулаков, Диас Омаров, Сейілда Байшақов және Евгений Ротт бар.
Олардың кейбірі марапаттарды жаңа иелеріне жеке табыстады. Ал Бақтияр Зайнутдинов Алматыға келе алмағандықтан, қатысушыларға арнайы бейнеүндеу жолдады.
QJ Gravity - ғарыштық атмосфера және кешкі шоу
QJ League Awards 2026 салтанатты рәсімі Koktobe Hall кешенінде ұйымдастырылды. Биыл ұйымдастырушылар QJ Gravity тұжырымдамасын таңдап, кеңістікті ғарыш тақырыбындағы ерекше алаңға айналдырды. Бұл идея сахна безендірілуінен бастап, декорациялар мен визуалды материалдарға дейін көрініс тапты.
Ресми марапаттау басталғанға дейін қонақтар үшін Freedom Video студиясы жұмыс істеді. Ол кешкі шоу форматында ұйымдастырылып, номинанттар өздері туралы әңгімелеп, маусымнан алған әсерлерімен бөлісіп, түрлі сұрақтарға жауап берді. Түсірілім түнгі Алматының әсем көрінісі аясында өтті. Шараны онлайн-кинотеатр арқылы тамашалаған көрермендер де осы форматтың куәсі болды.
Кештің музыкалық бағдарламасы да назардан тыс қалмады. Сахнада отандық өнерпаздар өнер көрсетіп, ал кештің басты музыкалық қонағы қазақстандық әнші Yenlik болды.

Холандтың жейдесі 3 миллион теңгеге сатылып, лига жаңа допқа көшеді
Марапаттау рәсімінде келесі маусымға қатысты бірнеше жаңалық та жарияланды.
Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап Freedom QJ League командаларының ресми ойын добы өзгереді. Бұған дейін қолданылған adidas Tiro Pro орнына турнирдің арнайы брендтеуі бар PUMA STELLAR Pro добы пайдаланылмақ.
Сонымен қатар лигада дәстүрге айналған қайырымдылық аукционы да ұйымдастырылды. Бұл жолы басты лот ретінде «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холандтың жеке қолтаңбасы қойылған жейдесі ұсынылды. Оны кәсіпкер Берік Қаниев 3 миллион теңгеге сатып алды.
Аукциондағы лоттың таңдалуы да кездейсоқ емес. Себебі осы рәсімге дейін QJ League City Football Group халықаралық футбол ұйымымен стратегиялық серіктестік орнатқанын жариялаған болатын. Бұл топтың құрамына бірнеше футбол клубы кіреді. Олардың ішіндегі ең танымалдарының бірі — «Манчестер Сити».

QJL Awards 2026 марапатының барлық иегері
Төртінші маусымның қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар 18 аталымның жеңімпаздарын анықтады. Төменде биылғы марапат иелерінің толық тізімін ұсынамыз:
1. Үздік психолог — Динара Исаева («Астана»).
2. Үздік сұрмерген — Дәулет Орынбасар («Қайрат»). Евстафий Пехлеваниди атындағы марапат.
3. Үздік төреші — Нұрдәулет Қожамуратов (Тараз). Александр Кулаков атындағы марапат.
4. Үздік шабуылшы — Әділбек Тұрдах («Ордабасы»). Эдуард Сон атындағы марапат.
5. Үздік медиақызмет — «Шахтер». Диас Омаров атындағы марапат.
6. Үздік қақпашы — Даниил Нұржанов («Тобыл»). Александр Убыкин атындағы марапат.
7. Үздік басшы — Зауржан Балтыев («Жас Қыран»). Евгений Ротт атындағы марапат.
8. Маусымның үздік голы — Ануар Толенди (ҚФФ академиясы). Асхат Тағыберген атындағы марапат.
9. Үздік жартылай қорғаушы — Расул Акимов («Шахтер»). Антон Шох атындағы марапат.
10. Үздік дәрігер — Еламан Саурбаев («Ертіс»).
11. «Жыл перформансы» — Камиль Гайнуллин («Қайрат»). Freedom Video марапаты.
12. Үздік қорғаушы — Әлихан Әбді («Қайрат»). Евгений Яровенко атындағы марапат.
13. Үздік менеджер — Қайырбай Хасенов («Ертіс»).
14. Үздік бапкер — Игорь Бугаев («Тобыл» U-15). Георгий Хутиди атындағы марапат.
15. Үздік сейв — Нұрсұлтан Солтанғазы («Каспий» U-17). Игорь Шацкий атындағы марапат.
16. Маусымның үздік ойыншысы — Дәулет Орынбасар («Қайрат»). Бақтияр Зайнутдинов атындағы марапат (Changan MVP of the Season).
17. Үздік инспектор — Василий Юрченко (Ақтөбе).
18. Үздік маркетинг — «Шахтер». Сейілда Байшақов атындағы марапат.

Жасөспірімдер футболындағы жаңа белес
Freedom QJ League-дің төртінші маусымы «Қайраттың» кезекті чемпиондығымен немесе Дәулет Орынбасардың жеке рекордымен ғана есте қалмайды. Бір жылдың ішінде ондаған команданы, мыңдаған жас футболшыны және жүздеген маманды біріктірген жоба спорттық әрі ұйымдастырушылық тұрғыдан да ауқымын кеңейте түсті.
