Қаржы сарапшысы Стефан Борсон бұл мәліметті футбол индустриясындағы ықпалды тұлғалардың бірінен естігенін жеткізді. Оның айтуынша, келіссөздер қазір бастапқы сатыда, ал меншік иесі ауысуы мүмкін деген ақпарат ресми түрде расталмаған.
Глейзерлер шешім қабылдауға асықпайды. Әулет сатылымды тек өздерінің қаржылық үмітіне сай келетін ұсыныс түскен жағдайда ғана қарастыруға дайын. Сондықтан әлеуетті инвесторлар әлемдегі ең танымал клубтардың бірі үшін қомақты қаржы төлеуі керек.
Клубтың меншік мәселесін жанкүйерлер де қызу талқылап отыр. «Манчестер Юнайтедтің» нәтижелері тұрақсыз болған кезеңде басшылыққа наразылық қайта күшейді. Жанкүйерлер америкалық қожайындарды сынап, басқару жүйесінде өзгеріс жасауды және команданың спорттық дамуына көбірек көңіл бөлуді талап етуде.
Айта кетейік, 2024 жылы Джим Рэтклифф «Манчестер Юнайтедтің» 27,7% акциясын сатып алып, клубтың футболға қатысты операцияларын бақылауына алған. Ал Глейзерлер әулеті бақылаушы акциялар пакетін өзінде қалдырып, манкуниандықтардың негізгі қожайыны мәртебесін сақтап қалды.
