Q Football

​Қырғызстанның экс-премьерінің клубы ауқымды трансферлік науқанға дайындалып, Тарковичті шақыру нұсқасын қарастыруда

​Қырғызстанның экс-премьерінің клубы ауқымды трансферлік науқанға дайындалып, Тарковичті шақыру нұсқасын қарастыруда
Instagram/fcaktobe_official

Словакиялық маман қазір Бішкекте жүр және чемпиондық үшін күрес алдында құрамды ауқымды түрде күшейтуге дайындалып жатқан таластық клубта Максим Шацкихтің ізбасары ретінде қарастырылуда.

Eurasia Football мәліметінше, Қырғызстан ұлттық құрамасы мен қазақстандық «Ақтөбенің» бұрынғы бас бапкері Штефан Таркович қырғыз футболына оралуға жақын және Таластың «Азия» клубын тізгіндеуі мүмкін. Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, словакиялық маман қазір Бішкекте жүр, ал клуб басшылығы оның кандидатурасын командадан кеткен Максим Шацкихтің орнына қарастырып жатыр. Атап айтқанда, 17 қарашада Таркович Долон Өмірзақов атындағы стадионда өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия кубогының іріктеу турнирі аясындағы Қырғызстан мен Йемен құрамаларының матчына (0:0) қатысты. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізілгені немесе келісімшартқа қол қойылғаны туралы ресми растау жоқ.

​Еске сала кетейік, 12 қарашада «Азия» Максим Шацких пен оның бапкерлік штабының командадан кеткенін ресми түрде жариялаған болатын. Киевтік «Динамоның» экс-шабуылшысының жетекшілігімен 2025 жылы ғана құрылған клуб жоғары дивизиондағы дебюттік маусымында Қырғызстан Премьер-лигасы — 2026 турнирінде 61 ұпай жинап, қола жүлдегер атанған «Алғадан» небәрі бір ұпайға қалып, төртінші орынға табан тіреді. Бұл ретте таластықтардың шабуылшысы Николай Агапов 20 доп соғып, чемпионаттың үздік сұрмергені атанса, оның командаласы Мақсат Алығұлов 19 голдың авторы болды. «Азияның» иесі әрі президенті — Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі және Қырғыз футбол одағы атқару комитетінің мүшесі Өмірбек Бабанов. Жаңа маусым қарсаңында клуб басшылығы чемпиондық атақ үшін күресу мақсатында ауқымды селекция жүргізіп, танымал ойыншыларға тиімді келісімшарттар ұсынуды көздеп отыр.

​Штефан Таркович жергілікті футболмен жақсы таныс: 2023–2024 жылдары ол Қырғызстан ұлттық құрамасын жаттықтырып, команданы тарихында алғаш рет әлем чемпионатына іріктеудің үшінші кезеңіне алып шықты және 2027 жылғы Азия кубогына жолдама әперді. Бұған дейін маман Словакия құрамасын баптап, 2020 жылдың қарашасында шешуші өтпелі матчта Солтүстік Ирландияны қосымша уақытта жеңіп (2:1), Еуро-2020 турниріне шыққан еді. Тарковичтің соңғы жұмыс орны қазақстандық «Ақтөбе» болды — словакиялық бапкер команданы 2026 жылдың сәуірінде қабылдап алғанымен, барлық турнирде «ақ-қызылдардың» тізгінінде 17 матч өткізгеннен кейін 31 шілдеде клубтан кетті.