«Ойын тізгінін өз қолымызда ұстап тұрған кезде гол жіберіп алғанымызға риза болмадық. Құрамымыз жас, әзірге қажетті кемелдік жетіспейді. Қазақстанның бар күшін салып алға ұмтылатынын білдік, сол екпінді допты бақылау арқылы басу керек еді. Жас футболшыларымыз көп болғанына қарамастан, жақсы сәттер болды: бірінші таймда жігіттер прессингтен сауатты шығып отырды. Бірақ гол жібергеннен кейін психологиялық тұрақтылықтың тепе-теңдігі бұзылды», - деді ол.
Бапкер жеңістен кейін командада эйфория жоқ екенін де нақтылады. Попеску жас ойыншыларды дұрыс үдеріс арқылы дамыту маңызды екенін айтып, топтағы жағдайға да баға берді.
«Екі аяғымыз жерге нық тіреліп тұр. Ешқандай эйфория туралы әңгіме жоқ. Дұрыс үдеріс арқылы осы жас жігіттерді дамыту маңызды. Әр командада мүмкіндік әрдайым бар, бірақ бастапқы фаворит - Словакия екені түсінікті. Үйде сапалы ойын көрсетуге тырысамыз, алайда қиын болады, өйткені бізді 11 күннің ішінде төртінші матч күтіп тұр. Халқымызға өз елі, өз туы үшін жанын салып күресетін команда сыйлау маңызды. Қазір топта бірінші орынға да, соңғы орынға да таласуға мүмкіндік бар екенін жақсы түсінеміз», - деп түйіндеді маман.
Еске салайық, УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші тур ойыны (С дивизионы, 3-топ) Қазақстан құрамасының өз алаңындағы 1:2 есебімен жеңілісімен аяқталды. Есепті үзіліске таяу Ника Клещенко ашты (45+1), ал екінші таймның басында Петру Попеску айырманы ұлғайтты (50). Қазақстан сапынан 64-минутта Нұралы Әліп баспен дәл соғып, бір голмен жауап қатты.
Осы нәтижеден кейін Молдова құрамасы 17 матчқа созылған жеңіссіз сериясын тоқтатты. Джон ван ’т Схип шәкірттері келесі ойынын 6 қазанда өткізеді - команда «Астана Аренада» Фарер аралдары құрамасын қабылдайды.
