Q Football

«Нефтчи» көш бастады, «Сабах» алғаш рет жеңілді: Әзербайжан Премьер-лигасының 10-турына шолу

«Нефтчи» көш бастады, «Сабах» алғаш рет жеңілді: Әзербайжан Премьер-лигасының 10-турына шолу

Әзербайжан Премьер-лигасының оныншы туры аяқталды. «Қарабақ» «Габаланы» жеңе алмады, «Кяпаз» жеңісті сериясын жалғастырды, ал «Зиря» «Араз-Нахчыванмен» кездесуде жеңілістен құтылды.

Бакулік «Нефтчи» сырт алаңда «Шамахыны» 3:2 есебімен қиындықпен жеңді. Густаво Клисман есеп ашқанымен, Абдуллаи Шуайбу бірінші таймда-ақ таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін Брено Алмейда қонақтарды қайта алға шығарды, алайда Айман Буали есепті теңестірді. Шешуші голды Аделеке Акиньеми соқты. Бұл жеңіс елордалық клубқа 21 ұпай жинап, турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.

«Туран Товуз» «Сабахты» 3:2 есебімен жеңіп, турдың басты сенсацияларының бірін жасады. Алаң иелері Энрике Силваның голынан кейін алға шықты. Артынша Жо Батиста дубль жасап, басымдықты үш допқа жеткізді. Бакулік клуб Джой-Лэнс Микелс пен Ксандер Северинаның голдары арқылы есеп айырмасын қысқартқанымен, жеңілістен құтыла алмады. Бұл «Сабахтың» биылғы чемпионаттағы алғашқы жеңілісі болды. Дегенмен команда бәсекелестерінен бір матч кем өткізген.

«Қарабақ» сырт алаңда «Габаламен» 0:0 есебімен тең ойнады. Агдамдық клуб ойын тізгінін көбірек ұстағанымен, гол соғатын мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Бұл команда үшін чемпионаттағы қатарынан үшінші тең ойын болды. Ұпай жоғалтқанына қарамастан, «Қарабақ» Премьер-лигада әлі жеңілмеген жалғыз клуб болып қалды.

«Зиря» «Араз-Нахчыванға» қарсы кездесуде камбэк жасап, 2:2 есебімен тең түсті. Алаң иелері Патрик Андраденің голының арқасында есеп ашты, ал екінші таймда Агададаш Сальянский басымдықты арттырды. Алайда қонақтар берілмеді: Эрен Айдын есеп айырмасын қысқартса, кездесудің соңына қарай Мехди Мчахчех таразы басын теңестірді. «Араз-Нахчыван» маусымдағы алғашқы жеңісіне жету мүмкіндігін жіберіп алып, он матчтан кейін үш ұпаймен қалды.

«Кяпаз» «Имишлиді» 1:0 есебімен жеңіп, сәтті өнер көрсетуін жалғастырды. Жалғыз голды 77-минутта Намик Алескеров соқты. Гәнжә қаласының командасы қатарынан үшінші жеңісіне жетіп, ұпай санын 17-ге жеткізді. Ал қонақтар чемпионаттағы он кездесудің алтыншысында жеңілді.

Тур «Сумгайыт» пен «Шафа» арасындағы 1:1 есебіндегі тең ойынмен аяқталды. Қонақтар бірінші таймда Мусса Гюэльдің голының арқасында алға шықты. Алайда үзілістен кейін Роналдо Васкес есепті теңестірді. «Сумгайыт» өз алаңының басымдығын пайдалана алмады, ал бакулік клуб жеңілістер сериясын тоқтатып, маусымдағы төртінші ұпайын еншіледі.

Турнирлік кесте: 1. «Нефтчи» — 21 ұпай, 2. «Сабах» — 20, 3. «Қарабақ» — 19. Толық кесте осында.

Сұрмергендер: 1. Алмейда — 8 гол, 2. Микелс — 6, 3. Кащук — 4. Толық тізім осында.

Ассистенттер: 1. Алмейда — 4 ассист, 2. Буали — 4, 3. Әлиев — 4. Толық тізім осында.