— Қайрат Жұмабекұлы, «бір өзенге екі рет түсуге болмайды» деген сөз бар. Соған қарамастан, сіз «Жетісуды» екінші рет басқаруға келістіңіз. Талдықорғандық клубқа тағайындалу жөніндегі келіссөздер қалай өтті? Қайта оралуыңызға не себеп болды?
— Ол кезде менде басқа нақты ұсыныстар болған жоқ. Бірнеше командамен әңгіме жүрді, бірақ нақты келіссөздерге ұласпады. Ал «Жетісу» тарапынан ұсыныс анық болды. Сондықтан бұл шешім қабылдауыма әсер еткен негізгі себептердің бірі еді.
Бұған қоса, «Жетісу» мен үшін бөтен клуб емес. Бұған дейін осында жұмыс істеген кезде қалаға да, команда қызметкерлеріне де бауыр басып қалғанмын. Нақты ұсыныс пен бұрынғы кезеңнен қалған жақсы естеліктер менің таңдауымды айқындады.
— Клуб пен облыс басшылығы сіздің алдыңызға қандай міндет қойды? Ал сіз өз тарапыңыздан қандай да бір талап ұсындыңыз ба?
— Өңір басшылығымен және облыстық спорт басқармасының өкілдерімен кездесу болды. Негізгі міндет — турнир кестесінде мүмкіндігінше жоғары орынға көтерілу еді.
Ал мен өз тарапымнан команданың құрамын жасақтау жұмысына өзім жауап бергім келетінін айттым. Себебі түпкілікті нәтижеге бас бапкер жауап береді деп есептеймін. Сондықтан ойыншыларды өз талаптарыңа сай таңдау мүмкіндігі болуы маңызды. Жалпы, келіссөздер нәтижелі өтті.
— «Жетісудың» қаржылық мүмкіндіктері алдына қойылған спорттық міндеттерді орындауға қаншалықты мүмкіндік берді? Бюджеттегі шектеулер трансферлік саясат пен құрамның сапасына әсер етті ме?
— Әрине, клубтың ірі демеушілік қаржысы болған жоқ. Сондықтан легионерлерді шақыру кезінде қиындықтар туындады. Қазақстандық футболшыларға қатысты да белгілі бір мәселелер болды. Себебі жалақыны қоса алғанда, түрлі шектеулер бар. Қиындықтар болғанын жасырмаймын, бірақ бұл мәселеге баса назар аударғым келмейді.
Дегенмен қаржылық жағдай біздің мүмкіндіктерімізге әсер етті. Қажетті мөлшерде шетелдік ойыншы шақыра алмадық. Сол себепті қолда бар бюджетке қарай футболшылар іздедік. Қаржыны үнемдеп, барлық белгіленген лимитке сыйуға тырыстық. Егер демеушілер тарапынан көбірек қолдау болғанда, деңгейі жоғары легионерлерді шақырып, олардың санын да арттыра алар едік. Бірақ соңында қолымызда бар ойыншылармен жұмыс істеп, командадан барынша көп нәтиже алуға тырыстық.
Маусым барысында клубқа салынған трансферлік тыйымды да атап өткім келеді. Бұл жағдай «Жетісудың» жұмысын едәуір қиындатты.
— Бапкерлер штабы мен клуб басшылығының қарым-қатынасы қалай болды? Маусым бойы қажетті қолдауды сезіндіңіз бе?
— Қарым-қатынасымыз қалыпты, жұмыс деңгейінде болды. Ең алдымен, селекция жұмысына кедергі келтірмегені үшін басшылыққа алғыс айтқым келеді. Кейбір мәселелерде, әсіресе қаржылық тұрғыдан, қолдау көбірек болса жақсы болар еді. Бірақ бұл клубқа келген кезде қандай жағдайда жұмыс істейтінімді түсіндім.
Клуб директоры Марк Гурманға жеке алғысымды білдіремін. Ол жұмысымызға кедергі келтірген жоқ, керісінше, өз міндеттерімізді атқаруға мүмкіндік берді. Дегенмен басшылық тарапынан қосымша қаржылық қолдау болғанда, командаға үлкен көмек болар еді.
— Команда құрамын жасақтау кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Мысалы, Талдықорғанға барудан бас тартқан футболшылар болды ма?
— Негізгі қиындықтар ойыншылармен келіссөз жүргізген кезде туындады. Бұған дейін айтқанымдай, қаржылық мүмкіндігіміз өзіміз шақырғымыз келген барлық легионердің талабын орындауға жетпеді. Соның салдарынан екі-үш футболшымен келісімге келе алмадық. Олар Талдықорғанға келуге дайын болғанымен, келісімшарт талаптарын ортақ шеше алмадық.
Ал қалаға келіп жұмыс істеуден бас тартқан футболшылар болған жоқ. Ұсынылған қаржылық шарттар көңілінен шыққан ойыншылардың барлығы командаға қосылды.
— Маусым қорытындысы бойынша легионерлер мен қазақстандық футболшылардың арасынан тұрақты әрі сапалы ойын көрсеткен кімдерді атап өтер едіңіз? Әлде команданың нәтижесін ескерсек, біреуді бөле-жару қиын ба?
— Ешкімді жеке атап көрсеткім келмейді. Қорытынды нәтижеге қарасақ, командамыз маусымды сәтсіз өткізді. Дегенмен чемпионат барысында тұрақты ойын көрсеткен жақсы кезеңдеріміз де болды. Биыл жігіттердің әрқайсысы өзіне пайдалы бір нәрсе алып, футболдың жаңа қырларын таныса, мен тек қуанар едім.
Бірақ түпкілікті нәтиже таблода көрініп тұр. Өкінішке қарай, ол көңіл көншітпейді. Ал өзім үшін Премьер-лигадан түсіп қалу ауыр әрі жағымсыз тәжірибе болды. Мұндай кезеңнен де өту керек шығар. Қалай болғанда да, футболшыларға маусым үшін алғыс айтамын. Біз соңына дейін бірге болып, қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Алайда бұл жеткіліксіз болды.
Сонымен қатар Серікжан Мужиков пен Асхат Балтабековті ерекше атап өткім келеді. Олар өздерінің кәсібилігін, футболға және туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін тағы бір мәрте көрсетті.
— «Жетісуға» қандай ойын стилін қалыптастырғыңыз келді? Қандай тактикалық үлгіні енгізуге тырыстыңыз және жоғары нәтижеге жетуге не кедергі болды?
— Бапкерлер штабымен бірге қолымыздағы футболшылардың мүмкіндіктеріне сүйендік. Ең алдымен, комбинациялық әрі тартымды футбол ойнап, допты бақылауда ұстауға тырыстық. Командаға белгілі бір ойын қағидалары мен әрекет үлгілерін енгізуді көздедік. Футболшылардың алаңдағы қимылдары кездейсоқ болмауы, қорғаныс пен шабуыл кезінде әрқайсысы не істеу керегін түсінуі маңызды еді.
Кейбір дүниелерді жүзеге асырдық, кейбірі ойдағыдай болмады. Кей жағдайларда жолымыз болмады. Әрине, футболшылар тарапынан да, бапкерлер штабынан да қателіктер кетті.
Маусымның соңына қарай алаңда өзім қалаған ойын элементтерінің біразын көре бастадым. Алайда бір жылдың ішінде команданың өзіндік ойын мәнерін қалыптастырып қана қоймай, қажетті нәтижеге қол жеткізу өте қиын. Тағы да қайталаймын, жағымсыз тәжірибенің өзі — тәжірибе. Болған жағдайды саралап, бапкер ретінде дамуды жалғастырамын және алдағы уақытта осындай қателіктерді қайталамауға тырысамын.
— 2026 жылғы ҚПЛ маусымында қай командалардың ойыны сізге көбірек ұнады? Қай клубтарды тамашалау қызықты болды?
— Маған «Астананың» ойыны ұнады. Бұл — бапкердің командамен ұзақ уақыт жұмыс істеуінің нәтижесі. Григорий Константиныч (Бабаян — SPORTHUB еск.) ұжымды бірнеше жылдан бері жаттықтырып, оның ойын жүйесін қалыптастырып келеді. «Астананың» матчтарын тамашалау өте қызықты болды.
Сондай-ақ «Ордабасыны» атап өткім келеді. Команданың ойынынан бапкердің қолтаңбасы байқалып, футболшылардың қандай жүйеде ойнайтыны анық көрінді. Көзге тартымды әрі жеңіл футбол көрсететін қарсыластың әрекетін талдау әрдайым қызық. Мұндай кезде ойыншылардың алаңда неге ұмтылатыны бірден байқалады. Меніңше, «Астана», «Ордабасы» және «Қайрат» осы талаптарға сай болды.
Жекелеген матчтарда «Елімай» мен «Оқжетпестің» ойынын бақылау да қызықты еді.
— Қазақстан футболындағы аяқталған маусым несімен есте қалды? Жалпы Премьер-лиганың деңгейіне қандай баға бересіз?
— Ең алдымен, «Ордабасының» алтын дубль жасағанын атап өту керек шығар. Бір маусымда чемпионат пен ел кубогын қатар жеңіп алу әрдайым бола бермейді.
Премьер-лиганың деңгейіне келсек, төмендеп кетті деп айта алмаймын. Бірақ айтарлықтай өсім де байқалмайды. Чемпионат бұрынғы деңгейінде қалып отыр. Ал өзім үшін бұл маусымның жақсы естеліктер қалдырмағаны түсінікті.
— Қазақстан Премьер-лигасында легионерлерге қатысты лимит қолданылады. Жыл соңына дейін ҚФФ қазіргі шектеуді сақтау немесе жаңа талап енгізу жөнінде шешім қабылдауы тиіс. Сіздің ойыңызша, ҚПЛ клубтарының өтінімінде қанша шетелдік футболшы болуы керек? Чемпионат сапасы мен отандық ойыншылардың дамуы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?
— Бұл өте күрделі сұрақ. Ең алдымен, қабылданатын шешімдерде тұрақтылық пен бірізділік болғанын қалаймын. Егер белгілі бір лимит бекітілсе, оны кем дегенде екі-үш жыл бойы өзгеріссіз қалдырған дұрыс. Себебі клубтар трансферлік саясатын және құрамын қолданыстағы талаптарға сай жоспарлайды. Ал шектеулер әр маусым сайын өзгерсе, командаларға бүкіл жұмысын қайта құруға тура келеді. Сондықтан тұрақтылық артық етпейді.
Легионерлер санына қатысты жеке пікіріме келсем, мен жалпы лимиттерді қолдамаймын. Керісінше, кез келген шектеуге қарсымын. Барлық футболшыға әділ бәсекелестік жағдайында ойнап, даму мүмкіндігі берілуі керек деп есептеймін.
— Сіздің «Жетісудан» кететініңіз белгілі болып отырғандай. Талдықорғандағы екінші кезеңіңізді қалай бағалайсыз? Өкінетін тұстарыңыз бар ма? Маусымды қайта бастау мүмкіндігі болса, нені басқаша істер едіңіз?
— Әзірге «Жетісу» тарапынан келісімшартты ұзарту жөнінде ұсыныс түскен жоқ. Сондықтан Талдықорған командасынан кетемін бе, жоқ па — қазір нақты ештеңе айта алмаймын.
Жұмыс қорытындысына келсек, жасыратын ештеңе жоқ: нәтиже сәтсіз болды. Турнир кестесіне бір қарасаңыз, бәрі түсінікті.
Нені өзгертер едім? Қазір бұл туралы ой қозғаудың пайдасы жоқ. Уақытты кері қайтара алмаймыз. Болған жағдайға философиялық тұрғыдан қараймын. Бұл тәжірибені өз басымнан өткердім, енді қандай қателіктерді қайталамау керегін жақсырақ түсінемін. Әрі қарай да үйреніп, дамуды жалғастырамын.
Әрине, жағдайдың осылай аяқталғанына қатты өкінемін. «Жетісуды» Премьер-лигада сақтап қалу үшін барымды салдым. Демек, осы сынақтан өзім өтіп, бәрін соңына дейін сезінуім керек болған шығар. Айтқандай, бұл тостағанды түбіне дейін ішуім керек еді.
— Алдағы кәсіби жоспарларыңыз қандай? Жақын арада қай клубта жұмысқа кірісуіңіз мүмкін?
— Алдағы уақытта отбасыммен көбірек уақыт өткізіп, балаларыма және үй шаруасына көңіл бөлгім келеді. Жұмысқа қатысты әзірге нақты ойланған жоқпын. Оған әлі уақыт бар.
