Санкт-Галленде өткен Ұлттар лигасындағы Швейцарияға қарсы сырт алаңдағы кездесуге негізгі құрамда шыққан «Ливерпульдің» 32 жастағы сол қаптал қорғаушысы ұлттық құрамадағы ойын санын 103-ке жеткізді.
Осы көрсеткіш Робертсонға шотланд футболының аңызы, «Ливерпульдің» даңқты ойыншысы Кенни Далглиштің рекордын жаңартуға мүмкіндік берді. «Король Кенни» атанған Далглиштің 102 матчтық межесі 1986 жылдың қарашасынан бері өзгермей тұрған: ол кезде Далглиш Люксембургке қарсы ойында құрама сапындағы соңғы кездесуін өткізген еді.
Робертсон бұл белеске 12 жылда жетті. Ол ұлттық құрамадағы дебютін Польшаға қарсы жолдастық матчта қосалқы құрамнан алаңға шығып жасаған. 103 ойынның 101-інде қорғаушы бастапқы құрамда өнер көрсетті, сондай-ақ соңғы үш жылда команданың бірде-бір оқу-жаттығу жиынын өткізіп алған жоқ.
Робертсон капитандық міндетті 2018 жылы, 24 жасында қабылдады. Содан бері ол құраманы капитан ретінде өзге кез келген ойыншыдан 33 рет көп бастап шыққан. Сонымен бірге ол Шотландияны үш ірі турнирдің финалдық кезеңіне бастап апарған жалғыз капитан болып отыр.
Киім ауыстыратын бөлмедегі капитанның ықпалын командадағы тәжірибелі футболшылар да, жаңа ойыншылар да ерекше атап өтеді. «Наполидің» жартылай қорғаушысы Скотт Мактоминей Эндрюдің алаңдағы талапшылдығы мен алаңнан тыс қолдауының мінсіз үйлесімін айтса, «Рейнджерстің» 20 жастағы вингері Финдли Кертис Робертсонды өзі үшін басты үлгі санайтынын жеткізді.
Айта кетейік, Кенни Далглиш Денис Лоумен бірге ұлттық құраманың үздік сұрмергені атағын әлі де бөлісіп отыр - екеуінде де 30 голдан бар. Бұл көрсеткішке Джон Макгинн де жақындап қалды: оған алты гол жетіспейді. Ал Робертсонның матч саны бойынша рекорды алдағы уақытта әлі де ұлғаюы мүмкін: 32 жастағы қорғаушы Англия Премьер-лигасында жоғары деңгейде ойнауын жалғастырып келеді және қол жеткізгенімен тоқтайтын түрі жоқ.
