Фарер аралдары құрамасы Ұлттар лигасының төртінші турында Қазақстанға қарсы сырттағы матчта жеңісті уысынан шығарып алды. «Астана Аренадағы» ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Есепті Петур Кнудсен ашты, 63-минутта Тури қонақтардың басымдығын еселеді, бірақ арада екі минут өткенде қорғаушы Мартин Агнарссон қызыл қағаз алды. Алаң иелері сан жағынан басымдықты пайдаланып, есепті теңестірді.
Екінші голдың авторы нәтижеге көңілі толмағанын жасырмады. «Біз қатты өкініп тұрмыз. Есеп 2:0 болғанда ойынның қалған бөлігінде тек қорғануды ғана ойладық, бірақ қызыл қағаз алдық та, матчтың барысы өзгеріп сала берді. Қазақстан бастаманы қолға алып, екі әдемі гол соқты», — деді жартылай қорғаушы.
Оның пікірінше, ойыншы алаңнан қуылмағанда, фарерліктер жеңісті сақтап қалар еді. «Соңғы 15–20 минутта ең болмаса бір ұпай алғанымыздың өзі сәттілік деп ойлаймын. Бірақ бұл — футбол, ондай да болады», — деп қосты Тури.
Футболшы командасының турнирдегі мүмкіндіктеріне де тоқталды. «Біздің мақсат — осы топта үздік екі команданың қатарында болу. Бірақ біз шағын елміз, ойыншыларды небәрі 55 000 адамның ішінен таңдаймыз, сондықтан ірі құрамалармен бәсекелесе алып жүргеніміздің өзіне қуанамыз. Бүгін бізде мүмкіндік бар екенін көрсеттік», — деді жартылай қорғаушы.
