Словакия құрамасы В дивизионына мерзімінен бұрын көтерілуге жақын. Ол үшін командаға 13 қарашада өз алаңында Фарер аралдарынан жеңілмеу жеткілікті. Бір ұпайдың өзі жоғары дивизионға шығуға мүмкіндік береді.
Вайсс командасының тек тең нәтижеге қанағаттанбайтынын атап өтті:
«Жоғары дивизионға шығу үшін бізге тең ойын жеткілікті. Бірақ біз жеңіс үшін ойнаймыз, содан кейін жағдайға қараймыз», — деді маман.
Егер словакиялықтар Фарер аралдарымен кездесуден кейін жоғары дивизионға жолдама алса, бапкерлер штабы Қазақстанға қарсы матчта бірнеше көшбасшы ойыншысына демалыс беруі мүмкін.
Қазақстан мен Словакия арасындағы кездесу 16 қарашада «Астана Аренада» өтеді. Матч Алматы уақытымен сағат 20:00-де басталады.
