«Олардың кек қайтарғысы келетініне сенімдімін, бірақ бұл - футбол. Қателеспесем, соңғы бірнеше жылда біз оларды жеңген небәрі үшінші команда болдық, бұл олардың қаншалықты тұрақты болғанын көрсетеді. Олар үшін бұл - қатарынан үшінші жеңіліс, мұндайға олар мүлде үйренбеген. Егер мен олардың орнында болсам, басты ойым дәл бізге қарсы ойында жағдайды түзету болар еді», - деді Уэльс бапкері.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында Беллами «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холандқа қарсы ойынды ұйымдастыруға да тоқталды. Форвард клубы мен ұлттық құрама сапында 17 гол соғып үлгерген, ал Ұлттар лигасы тарихындағы ең үздік сұрмерген ретінде 22 голы бар. Соған қарамастан, Кардиффте орталық қорғаушылар Бен Кабанго мен Бен Дэвис Холандтың ойынын барынша шектей алған.
Беллами Холандты тежеуде командалық тәртіп пен позиция таңдаудың шешуші екенін атап өтті.
«Тығыз ойнаңдар да, оған ойынды өз ырғағына салуға мүмкіндік бермеңдер. Әрине, айту оңай, жасау қиын. Бұл кез келген футболшыға қатысты, бірақ қарсылас үнемі қысым жасап, доппен жұмыс істеуге уақыт бермесе, бәрі әлдеқайда күрделене түседі. Бұл - жеке бір ойыншының емес, бүкіл команданың жауапкершілігі. Жартылай қорғаушы Итан Ампаду мен Эрлингтің арасындағы арақашықтықты нақты бақылау керек», - деп түсіндірді ол.
Уэльс бапкері орталық аймақта ықшамдықты сақтаудың және доппен өз ойынын жүргізудің маңызын да бөліп айтты. Оның ойынша, бұл Холандты қорғанысқа да көбірек жұмыс істеуге мәжбүрлейді.
«Орталық аймақты тым ашып жіберуге болмайды, әйтпесе пастар оны қайта-қайта аяғына дәл табады. Арақашықтықты дұрыс есептеп, жартылай бұрылып орналасып, оның арқаға қарай жасайтын жүгірістерін мұқият бақылау қажет. Ол күштік күресті таңуға шебер, бірақ сонымен бірге әрдайым сол ашылуларды іздейді. Сонымен қатар біздің допты қалай игеретініміз өте маңызды: егер біз допты сапалы ұстап, шабуылдарды дамытып, алға жылжысақ, оған көп жүгіруге, қорғанысқа қайта оралуға тура келеді», - деді Беллами.
Турнирдегі қиындықтарға қарамастан (Норвегия топ көшбасшысы Португалиядан да екі рет жеңілген), Беллами бұл құрамның әлеуетіне жоғары баға берді.
«Олар үнемі өсіп келеді, ал құрамның жас ерекшелігін ескерсек, бұл команда әлі талай жыл алдыңғы қатарда болады. Норвегияда барлық позицияда - сол жақта да, оң жақта да, орталықта да - талантты жастар өсіп келеді. Құрамында топ-клубтардың ойыншылары бар, олар жеңіске үйренген: Чемпиондар лигасы мен Англия Премьер-лигасының жеңімпаздары туралы айтып отырмыз. Мұндай орындаушылар ұлттық құрамаға келгенде де өз менталитетін өзгертпейді, олар әрдайым тек жеңісті күтеді», - деп түйіндеді Уэльс құрамасының бас бапкері.
