Q Football

Вайсс Қазақстан құрамасының күшін бағалап, Словакияның екі жеңілісін еске алды

Вайсс Қазақстан құрамасының күшін бағалап, Словакияның екі жеңілісін еске алды
Getty Images

Оның сөзінше, бұл үдерісте «Қайрат» клубының және Қайрат Боранбаевтың үлесі бар, ал қазіргі құрамда клуб тәрбиеленушілерінің көбеюі соның бір көрінісі

«Сіздерді көргеніме қуаныштымын, мені жылы ықыласпен еске алатыныңызды білемін. «Қайратқа», Қайрат Боранбаевқа, қазақстандық футболға және сол жақта бірге жұмыс істеген адамдарға деген құрметім ерекше. Соңғы он жылда Қазақстан құрамасы үлкен жолдан өтті, мұнда Қайрат Советайұлының да еңбегі бар - қазір ұлттық командада клуб тәрбиеленушілері көп. Бұл - «Ақтөбе», «Ордабасы», «Қайрат» және сол кезде біздің басты қарсыласымыз болған «Астана» ойыншыларынан құралған жақсы үйлесім. Қазақстанды әрдайым жылы сөзбен еске аламын, бірақ ертең - біздің қарсыласымыз», - деді Вайсс.

Словакия бапкері Қазақстан құрамасының ойынын тұрақты бақылап жүргенін жеткізді. Ол тактикалық тұрғыда команданың 4-3-3 жүйесіне сүйенетінін, бапкер ауысқанымен, жалпы құрылым көп өзгермегенін атап өтті. Сонымен бірге шабуыл шебіндегі кейбір орындаушылардың ауысқанын, ал Дастан Сәтпаевтың жарақатына байланысты жоқ екенін және айқын орталық шабуылшы байқалмай тұрғанын айтты.

«Қазақстан құрамасын, олардың соңғы нәтижелерін, бұрынғы және қазіргі бапкерлерін өте мұқият қадағалап жүрмін. Жүйе шамамен сол күйінде қалған - олар голландиялық 4-3-3 жүйесімен ойнайды. Бапкер ауысты, шабуылдағы кейбір позицияларда орындаушылар да өзгерді. Қазір жарақатына байланысты Дастан Сәтпаев жоқ, нағыз орталық шабуылшы да көрінбейді. Бұрынғы ойыншыларымды - Қуатты, Исламханды, сондай-ақ «Қайрат» тәрбиеленушісі Нұралы Әліпті көретініме қуаныштымын: мен ол жақта жұмыс істегенде, ол әлі бала еді. Бірақ қайталап айтамын, ертең олар - менің қарсыластарым, қазақстандық футболға деген зор құрметіме қарамастан», - деп қосты ол.

Вайсс төрт жыл бұрынғы кездесулерді де еске алды: сол кезде Словакия Қазақстаннан екі рет қатарынан жеңілген. Оның айтуынша, ол нәтижелер кездейсоқ емес, сондықтан команда қорытынды шығаруы керек. Бапкер алдағы матчтың жеңіл болмайтынын, Қазақстанның ұйымшыл әрі жақсы дайындалған ұжым екенін айтты. Дегенмен, деңгей мен сапа жағынан басымдық өздерінде деп есептейтінін де жасырмады.

«Төрт жыл бұрын Словакия Қазақстаннан екі рет қатарынан жеңілді. Ол нәтижелер кездейсоқ болмаған, сондықтан қорытынды жасау керек. Қазақстан - жақсы дайындалған, ұйымшыл команда. Ертең оңай ойын болмайтынын күтемін. Дегенмен, деңгей мен сапа біз жақта екенін де түсінемін. Бүгін мен - Словакия құрамасының бапкерімін, міндетім - футболшыларымның өзіне деген сенімін арттыру және қарсыластың құрамындағы әлсіз тұстарды табу. Бұл - жұмысымның бір бөлігі. Қазақстанның жігіттерінің көбін өте жақсы білемін. Бәрі алаңда жеке шеберлік пен командалық әрекеттер арқылы шешіледі», - деді ол.

Еске салайық, Ұлттар лигасының екінші турындағы Словакия мен Қазақстан матчі 29 қыркүйекте Кошицеде өтеді. Ойын Астана уақытымен 23:45-те басталады. Бұған дейін командалар 2022 жылғы Ұлттар лигасында кездесіп, Қазақстан құрамасы словактарды екі рет сенсациялық түрде жеңген еді: Трнавада 1:0 және Астанада 2:1.