Q Football

Чехиямен матчта Англия құрамасындағы ең жоғары бағаны Кейн алды

Чехиямен матчта Англия құрамасындағы ең жоғары бағаны Кейн алды
BBC Sport

«Үш арыстан» капитаны дубль жасап, ойын саны бойынша ұлттық рекордты қайталады, ал BBC сарапшысы ешкімге алтыдан төмен баға қойған жоқ.

Англия құрамасы сейсенбі күні «Уэмблиде» өткен Ұлттар лигасының матчында Чехияны ірі есеппен ұтты — 3:0. BBC Sport басылымының аға футбол тілшісі Сами Мокбел Томас Тухель шәкірттерінің ойынын он балдық жүйемен бағалады.

Журналист алаңдағы үздік ойыншы деп Гарри Кейнді танып, оған 8 балл қойды. Шабуылшы екі гол соғып, ұлттық команда сапында 125-матчын өткізді. Осылайша ол ел рекордшысы Питер Шилтонның көрсеткішін қайталады. «Англия құрамасының капитаны үшін тарихи кеш», — деп атап өтті Мокбел.

Бес футболшы жеті балдан алды. Сарапшының пікірінше, Трент Александер-Арнольд өзін көрсетуге берілген кезекті мүмкіндікті мүлт жібермеді, ал оның доппен жұмыс істеу шеберлігі терең қорғанатын қарсыластарға қарсы ойынға өте қолайлы. Льюис Холл жиынды сәтті өткізіп, енді сол жақ қорғаушының негізгі орны үшін Нико О'Райлимен таласып жүр. Майлз Льюис-Скелли құрамаға оралуына риза болса болады, ал Морган Роджерс оң қанатта сенімді ойнап, қарсылас қақпасына үнемі қауіп төндірді. Джуд Беллингем Хорватиядағы жарқын ойынын қайталай алмаса да, доп аяғына тиген сайын шеберлігі байқалып тұрды.

Негізгі құрамдағы қалған ойыншылар алты балдан еншіледі. Қақпашы Джордан Пикфорд бірнеше сәтте сенімсіз қимылдады, сондықтан Мокбелдің ойынша, оның қақпадағы орнына енді Джеймс Траффорд қауіп төндіріп тұр. Джарелл Куанса командада біртіндеп орнығып келеді. Жиынның төрт матчын да негізгі құрамда бастаған Марк Гехи бірер қателігін есептемегенде, кездесуді жайбарақат өткізді. Эллиот Андерсон екінші гол соғылған эпизодта тамаша пасымен чехтардың қорғанысын қақ жарды. Эберечи Эзе көңіл көншітпеген бірінші таймнан кейін ойынын жақсартты, алайда негізгі құрамда шығуға берілген сирек мүмкіндікті ұтымды пайдалана алмады.

Алаңға ауысыммен шыққан бес ойыншы да алты балдан алды. Олар — Джеймс Гарнер, құрама сапында үшінші матчын өткізген Джаррад Брантуэйт, Морган Гиббс-Уайт, Рио Нгумоха және Доминик Калверт-Льюин.